Шымкентте үшем дүниеге келді. №2 қалалық ауруханаға қарасты перзентхана дәрігерлері мерзімінен бұрын туған сәбилерді өз үйіне шығарып салды. Наргиза Әшірметованы дәрігерлер 2 ақпанда кесар тілігі арқылы босандырып алған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
31 жастағы қала тұрғыны төртінші рет құрсақ көтеріп отыр. Ол үшем дүниеге әкелетінін жүктілігінің алғашқы аптасында білген. Ол сәбилерін 33 аптада, яғни айы-күні толмай туған. Өкпесі дұрыс дамымай туған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Перзентхана дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде екі келіден аса салмақ қосқан.
Үшемді ата анасы Атамбай, Мұса, Муслим деп атаған. Денсаулығы жақсарған үшем мен анасын дәрігерлер бүгін сыйлықтар табыс етіп, үйіне шығарып салды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 4 911 сәби дүниеге келген. Оның 2 493-і - ұл, 2 418-і - қыз. Егіздердің саны 50-ге жетіп, екі үшем туған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!