- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұшақ апаты
Ұшақтың құйрық бөлігіне отыру шынымен қауіпсіз бе?
Ұшақтағы ең қауіпсіз жер - құйрық бөлігі деген пікір бар. Көп саяхатшы дәл осы бөліктегі орындарды брондауды жөн көреді, өйткені олар апат жағдайында аман қалу мүмкіндігін арттыруға үміттенеді. Бірақ бұл шындыққа сәйкес келе ме? Осы сұраққа жауап алу үшін авиациялық сарапшы пікірін тыңдадық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengritravel.kz сайтына сілтеме жасап.
Абул Кекілбаев - азаматтық авиация саласындағы сарапшы. Ол Рига аэронавигация институтын аяқтап, "транспорттық жүйелерді басқару" мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі дәрежесін алған, сондай-ақ Nazarbayev University-ді MBA дәрежесімен бітірген. "Қазаэронавигация" компаниясында бас директордың орынбасары, Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің транспорт жөніндегі кеңесші қызметтерін атқарған. ИКАО-ның Young Aviation Professional бағдарламасына қатысқан. Қазіргі уақытта Кекілбаев азаматтық авиацияны жаңғырту және дамыту бойынша тәуелсіз кеңесші.
Ақтау маңында болған қайғылы ұшақ апатынан кейін Абулмен сұхбаттасып, болған жайтқа қатысты пікірін білуді жөн көрдік. Ол жолаушылардың қауіпсіздігіне қандай факторлар әсер ететінін түсіндірді.
Шынымен де, ұшақтың құйрық бөлігі қауіпсіз бе?
Жолаушылардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғағанда, сарапшы экипаждарды дайындау, ұшақтарды техникалық қызметпен қамтамасыз ету және халықаралық стандарттарды сақтау сияқты тұтас бір шаралар жүйесіне тоқталды. Дегенмен бұған қарамастан қауіп-қатер болады, әсіресе ұшу және қону кезінде, өйткені авиациялық оқиғалардың басым бөлігі дәл осы кезеңдерде болады.
Сарапшының айтуынша, ұшақтың құйрық бөлігі шынымен де авариялық жағдайларда қауіпсіз деп есептеледі.
"Ұшақтың қанатынан кейінгі құйрық бөлігі апат кезінде көбіне аман қалады. Мысалы, соқтығысқан кезде алдымен алдыңғы бөлігі зардап шегеді. BekAir ұшағы ұшыраған апатты еске алсақ, 13-қатарда отырған барлық жолаушы аман қалды, себебі негізгі зақымдану ұшақтың алдыңғы бөлігінде болды", - деп жауап берді маман бортта қай орындар ең қауіпсіз екені туралы сұраққа.
Дегенмен ол әрбір оқиғада барлығы жағдайға байланысты екенін нақтылады.
"Егер ұшақ аспанда бұзылса, жолаушылардың орналасуы ешқандай рөл атқармайды. Бірақ апатты қону кезінде статистика ұшақтың құйрығына жақын отырғандардың тірі қалу ықтималдығының жоғары екенін көрсетеді", - деді Абул Кекілбаев.
Сарапшы ұшу қауіпсіздігі көптеген факторға байланысты екенін атап өтті: ұшақтың техникалық жағдайы, ұшқыштар мен инженерлік құрамның біліктілігі, сондай-ақ әуе кемесінің конструктивтік ерекшеліктері. Ол жолаушылардың қауіпсіздігі тек олардың орнына ғана емес, сонымен қатар мінез-құлқына да тәуелді екенін айтты.
"Жолаушылар қауіпсіздік белдігін тағуы және нұсқауларды қатаң орындауы тиіс. Бұл сәтті нәтижеге жету мүмкіндігін айтарлықтай арттырады", - деді маман.
Сарапшы пікірінше, авариялық есіктердің орналасуы да жолаушыларды құтқаруда маңызды рөл атқарады. Мұндай есіктер саны мен орналасуы ұшақтың сертификатталу кезеңінде есептеледі, бұл кез келген жағдайда жылдам эвакуация жасауды қамтамасыз ету үшін қажет.
Ұшақтың конструкциясы да авария кезінде соққы күшінің таралуына әсер етеді. Мысалы, фюзеляждың қосылу тораптары жоғары қауіпті аймақтар болуы мүмкін, бірақ құйрық бөлігі максималды жүктеме аймақтарынан алшақ болғандықтан салыстырмалы түрде қауіпсіз болып қалады.
Сондай-ақ ол жолаушылардың бортта дұрыс бөлінбеуі де әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
"Орталықтану өте маңызды. Экипаж әрқашан салмақтың теңгерімді бөлінуін қадағалайды, бұл басқаруды жоғалту қаупін болдырмау үшін қажет", - деді Абул Кекілбаев.
Барлық жолаушы аман қалуы мүмкін бе еді?
Ақтаудағы апатта егер барлық жолаушы ұшақтың құйрық бөлігіне жиналғанда, олардың бәрі тірі қалар ма еді?
"Егер оларды қандай да бір, тіпті таңғажайып себеппен, құйрық бөлігіне немесе басқа бір жерге жинаса, экипаж бәрібір оларды қайтадан шашыратып отырғызар еді, себебі орталықтану бұзылар еді. Сондықтан кейде жолаушыларды алдымен арттан, кейін алдынан немесе керісінше, алдымен алдынан, кейін арттан шығарады. Мұның барлығы орталықтануды сақтау үшін жасалады", - деп қорытындылады ол.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина