Бір күні аяқ астынан: "Ұшақты айдап әкетсем ше?" деген ой келсе, аяғы не болмақ? Венгрияда дәл осындай жағдай сотқа дейін жеткен. Осыған байланысты Tengri Travel мұндай оқиға Қазақстанда болса, қандай жауапкершілік қарастырылатынын анықтап көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда заң не дейді?
Егер адам ұшақты өз бетімен басып алып немесе айдап әкетсе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, мұндай әрекет Қазақстан Қылмыстық кодексінің 270-бабына сәйкес сараланады. Жаза істің мән-жайына байланысты белгіленеді, ал ауырлататын жағдайлар болса, жауапкершілік те күшейеді.
"Қазақстан Қылмыстық кодексінің 270-бабына сәйкес, әуе кемесін айдап әкету немесе оны айдап әкету мақсатында басып алу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза едәуір қатаңдатылады", - деп хабарлады ААК.
Бұл ретте адамның әрекетіне түпкілікті құқықтық бағаны барлық мән-жайды ескере отырып, құқық қорғау органдары мен сот береді.
"Оқиғаның нақты жағдайына қарай әуе кемесін рұқсатсыз иемдену және оны пайдалану қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық-құқықтық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін", - деп атап өтті ведомство.
Ұшақты мас күйде басқарса не болады?
Әуе кемесін мас күйінде басқару - заңда бөлек қарастырылатын құқықбұзушылық. Бұл тыйым алкогольге ғана емес, есірткіге және адамды мас күйге түсіретін өзге де заттарға қатысты.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, бұл талап тек ұшқыштарға емес, ұшуды орындайтын немесе оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін және әуе қозғалысын басқаратын мамандарға да қолданылады.
"Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңның 54-бабы 10-тармағына сәйкес, әуе кемелерінің ұшуын орындауға және қамтамасыз етуге, оларға техникалық қызмет көрсетуге, сондай-ақ, әуе қозғалысына қызмет көрсетуге қатысы бар адамдарға алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде, сондай-ақ, олардың баламаларының әсерінде мұндай қызметті атқаруға тыйым салынады. Сонымен қатар, қызметтік міндеттерін орындау кезінде осындай күйге түсіретін заттарды қолдануға да болмайды", - деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті.
Қылмыстық кодекстің 358-бабына сәйкес, ұшақты мас күйде басқарғаны үшін 200 АЕК-ке дейін (865 мың теңге) айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар, сот адамға екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салуы мүмкін.
Тыйым салынған аймақта ұшудың салдары
Тағы бір бұзушылық - тыйым салынған аймақтың немесе шектеу аймағының үстінен рұқсатсыз ұшу.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 563-бабына сәйкес, мұндай ұшу үшін жеке тұлғаға 10 АЕК, ал лауазымды тұлғаға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
2026 жылы бұл - тиісінше 43 250 және 86 500 теңге.
Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін жаза қатаңдатылады. Кейбір жағдайларда ұшақ құқықбұзушылық құралы ретінде тәркіленуі мүмкін.
Ал егер ұшақ қауіп төндірсе ше?
Егер әуе кемесі белгіленген ережелерді бұзып, заңды талаптарды орындамаса, ол тәртіп бұзушы әуе кемесі деп танылып, одан дереу қону талап етілуі мүмкін.
"Егер адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне немесе стратегиялық нысандарға қатер төнсе, заңнамада оны болдырмау үшін барлық қажет шараны қолдану көзделген. Қажет болған жағдайда тәртіп бұзушы әуе кемесінің ұшуын тоқтатуға бағытталған заңда қарастырылған шаралар да қолданылуы мүмкін. Келтірілген мүліктік залалды өтеу мәселесі Қазақстанның азаматтық заңнамасына сәйкес шешіледі", - деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті өкілдері.
Қарапайым тілмен айтқанда, қауіп төндіріп, қойылған талаптарға бағынбаған ұшақты мәжбүрлі түрде қондыруы мүмкін.
Ал келтірілген залал бөлек өтеледі.
Бүлінген ұшақтың шығынын кім өтейді?
Егер құқықбұзушының әрекетінен ұшаққа, әуежайға немесе өзге де мүлікке зиян келсе, келтірілген шығынды өтеу міндеті кінәлі адамға жүктелуі мүмкін.
"Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, жеке немесе заңды тұлғаларға заңсыз әрекет салдарынан келтірілген зиян, егер заңда өзгеше көзделмесе, оны келтірген адам тарапынан толық көлемде өтелуге тиіс. Сот жауапты тұлғаны келтірілген залалды өтеуге міндеттей алады", - деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Өтемақы мөлшері нақты қандай зиян келтірілгеніне қарай белгіленеді.
Азаматтық авиация комитеті ұшақты өз бетінше иемдену, рұқсатсыз ұшу, тыйым салынған аймаққа кіру немесе әуе кемесін мас күйінде басқару адамдардың өміріне де, ел қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, әрбір мұндай жағдай жеке қаралып, жаза құқықбұзушылықтың қаншалық ауыр болғанына қарай белгіленеді.
Оқиғаның мән-жайы
Еске салайық, өткен демалыс күндері Венгрияда 24 жастағы ер адам Калоча әуежайынан Cessna 172 ұшағын ұрлап кетіп, "Пакш" АЭС-іне қарай бағыт алған. Ұшақ ұшуға тыйым салынған аймаққа кірген кезде оны әскерилер байқап қалған.
Дегенмен, тәртіп бұзушыны ұстап үлгермеді - ол станциядан шамамен алты шақырым жердегі егістікке қатты қонды.
Ер адам зардап шеккен жоқ, бірақ полиция мәліметінше, қонғаннан кейін көлік ұрламақ болған. Көп ұзамай ол ұсталды.
🇭🇺 UPDATE: The errant plane in Hungary that was forced down after approaching a nuclear plant was being piloted by a 24-year-old DRUNK MAN!
- Mario Nawfal (@MarioNawfal) 30 тамыз, 2026
He jacked the plane from Kalocsa Airport and later made an emergency landing in a sunflower field near Gerjen.
If that wasn’t enough,… pic.twitter.com/i9Ge3Sxlam
Informat басылымының хабарлауынша, бұл іс бойынша сот отырысы басталып кетті. Онда ер адам мас болғаны сонша, бұл сәт туралы ештеңе білмейтінін айтқан. Сонымен қатар, оның сөзінше, бұған дейін ешқашан ұшақ басқармаған. Соған қарамастан, ол Cessna 172-ні әуеге көтеріп, АЭС әуе кеңістігіне кіріп кеткен.
Сот оны қамауда қалдыру туралы шешім шығарды. Судьяның пікірінше, айыпталушы бой тасалауы немесе іс бойынша дәлелдемелерге әсер етуге тырысуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz