- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- саяхаттау
Ұшақта алкоголь ішуге бола ма? Қазақстандық әуе компаниялардың ережесі
Ұшақ бортында алкоголь ішуге бола ма? Қазақстандық әуе компаниялар жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
SCAT
Баспасөз қызметінің айтуынша, әуе компанияның бортында жолаушыларға ұшу ұзақтығына байланысты сусындар беріледі.
"Авиакомпанияның барлық халықаралық рейстерінде жолаушыларға толыққанды мәзір, соның ішінде таңдауға болатын ыстық тағамдар ұсынылады. Сондай-ақ салқын және ыстық сусындардың әртүрлі ассортименті. Сонымен қатар авиакомпанияның барлық рейстерінде жолаушылар компанияның борттық журналдарында қолжетімді ақылы мәзірден тағамдар, сусындар, алкоголь және ыстық тағамдарды сатып алу мүмкіндігіне ие. SCAT әуе компаниясының бортында халықаралық қауіпсіздік нормаларына сәйкес темекі шегуге, сондай-ақ өзімен бірге әкелінген алкогольді ішуге қатаң тыйым салынады", - деді баспасөз қызметі.
FlyArystan
Баспасөз қызметі компания борттағы алкогольді тұтынуды қауіпсіздік ережелеріне және жолаушылардың денсаулығы мен жайлылығына қатысты қатаң түрде реттейтінін хабарлады.
"Бортта жолаушыларға бортсеріктер қызмет көрсеткен кезде тікелей ұшақ бортында сатып алынған алкогольдік сусындарды ғана тұтынуға рұқсат етіледі. Өзімен бірге әкелінген алкогольдік ішімдіктерді, соның ішінде бажсыз дүкендердегі тауарларды тұтынуға қатаң тыйым салынады", - делінген компанияның жауабында.
Авиакомпанияның стюардессалары борттағы алкогольді сату мен тұтынуды бақылайды.
"Егер жолаушы қауіпсіздікке қауіп төндіретін мас болу немесе агрессивті мінез-құлық белгілерін көрсетсе, экипаж алкогольді сатудан бас тартуға құқылы. Сондай-ақ қысым мен ауа райына байланысты экипаж ұсынылатын сусындардың санын шектей алады", - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Компания сонымен қатар жолаушыларды белгіленген ережелерді құрметтеуге және экипаждың ұсыныстарын орындауға шақырды.
Qazaq Air
Компанияның баспасөз қызметі алкогольдік сусындарға ұшақ бортында мәзір бойынша тапсырыс беруге және өнімдерді қолма-қол ақшасыз төлеуге болатынын хабарлады.
"Айта кету керек, алкогольдік ішімдіктерді, соның ішінде бажсыз дүкендерде сатып алынған сусындарды компанияның ұшақтарында пайдалануға тыйым салынады", - делінген хабарламада.
Air Astana
Компанияның баспасөз қызметі ұшақта ұшу кезінде алкогольді ішуге бола ма деген сұраққа жауап берді.
"Бортта жолаушыларға қызмет көрсету класына байланысты әртүрлі сусындар ұсынылады. Діни және мәдени шектеулері бар маршруттарда алкоголь берілмейді. Сонымен қатар таңғы ас кезінде бар қызметі сұраныс бойынша ұсынылады. Халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес бортта өзіңмен бірге әкелінген алкогольді тұтынуға қатаң тыйым салынады", - деп хабарлады компания.
Жалпы ұшақта алкоголь ішпеген дұрыс. Мұның бірнеше маңызды себептері бар:
- Жылдам мас болу. Шамамен 10 мың метр биіктікте ұшақ салонындағы қысым теңіз деңгейінен төмен болады, ал оған қоса ауадағы оттегі деңгейі төмендейді. Ол алкогольдің қанға тез енуіне әкеледі, бұл оның әсерін күшейтеді. Алкогольді аз ішсеңіз де, тез масаюға әкелуі мүмкін;
- Сусыздану. Ұшақпен ұшудың өзі салондағы құрғақ ауаның әсерінен сусыздануға ықпал етеді. Алкоголь бұл әсерді одан әрі күшейтеді, өйткені ол несеп айдағыш әсерге ие. Бұл ұшудан кейін бас ауруына, шаршауға және хал-жағдайдың нашарлауына әкелуі мүмкін;
- Шаршаңқылық. Алкоголь жүйке жүйесін басады, бұл ұйқышылдық пен шаршау сезімін арттырады;
- Когнитивті функциялардың нашарлауы. Биіктікте ми аз оттегін алады, бұл назар қою мен реакцияға теріс әсер етуі мүмкін. Алкоголь бұл әсерді күшейтеді.
Оқи отырыңыз: Әйел ұшақта дәретхана іздеп жүріп, байқамай апаттық есікті ашып жіберген
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова