Бүгінге дейін телефон нарығы арқылы белгілі болған Siemens компаниясы ұшаққа арналған электрлі қозғалтқыш жасап шығарды. Неміс концерні автокөліктердің электрлі құрылымға өткенін ескере отырып, ұшақ технологиясын да экологиялық таза жүйеге ауыстыруды көздейді. Ал қоршаған ортаны ластайтын жанармай қозғалтқыштары біртіндеп қолданыстан шығарылатын болады.
Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі инновациялық технология экологияға тікелей тәуелді түрде дамып келеді. Сондықтан ұшақтың электр қозғалтқышымен жабдықталуы болашақтың негізгі ресурсы болмақ. Одан бөлек, Siemens концерні Airbus компаниясымен біріге гибридті (екі жақты) қозғалтқыш құрылымын дайындап келеді.
Siemens мамандары ұшақтардың электрлік жүйеге ауысуы қоршаған орта ластануының алдын алып қана қоймай, қызмет көрсету мен тасымалдау билеттері құнынның да арзандайтынын айтады. Сонымен қатар, ұшақты құрастыру үдерісіне жұмсалатын қаржы да 12%-ға төмендейді.
Siemens өкілдері жаңа қозғалтқыштың бүгінгі қолданыстағы аналогтарына қарағанда бес есе қуатты болатынын айтады. Ал инновациялық қозғалтқыш жеңіл ұшақтарға қондырылатын болса, одан да жоғары көрсеткішке ие болмақ. Оның салмағы 50 келіге де жетпей, 260 кВт электр қуатымен қамтамасыз ете алады.
Мұндай қозғалқышға ие ұшақтар әуеге 100 жолаушы мен 2 тонна жүкті көтеруге қауқары жетеді. Айта кетсек, Siemens пен Airbus компаниялары құрастырып жатқан гибридті қозғалтқыштар жуырда жаппай қолданысқа шығарылмақ. Ал тек электр негізінде жұмыс істейтін қозғалтқышты құрастыру жобасы 2035 жылға қарай коммерциялық негізге қойылады.