Ұшақ Астана әуежайына қонар кезде құспен соқтығысқан

Ұшақ Астана әуежайына қонар кезде құспен соқтығысқан
Фото: depositphotos.com

Қазақстандық әуекомпания ұшағы Астанаға қонар кезде құспен соқтығысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

1 мамырда Шымкент - Астана бағыты бойынша жолаушылар ұшағы қону кезінде құспен соқтығысқан. Бұл жайт рейстің соңғы кезеңінде, ұшақ Астана халықаралық әуежайына қонғалы жатқан сәтте болған.

SCAT әуекомпаниясының баспасөз қызметі мәліметінше, құстың ұшаққа соғылуы салдарынан әуе кемесінің бір бөлшегі зақымданған. Жедел техникалық тексеріс жүргізіліп, зақымданған бөлшекті ауыстыру қажет болған.

"Шымкент - Астана рейсі қонар кезде құспен соқтығысты. Зақымданған бөлшек ауыстырылуына байланысты Астана - Шымкент бағытының жолаушылары қонақүйге орналастырылып, оларға әуежай терминалында тамақ берілді", – деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі өкілі.

Компания жолаушылардың қауіпсіздігі басты орында екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, әуекомпания мұндай тосын жағдайларға байланысты рейстердің өзгеруіне түсіністікпен қарауға шақырды.

Дереккөздерге сүйенсек, жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget