Ұшақ апатында тірі қалған жолаушы шын мәнінде не болғанын айтып берді

Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) J28243 рейсімен Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушысы болған оқиға туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.

Субхонкул Рахимов AZAL ұшағының апатқа дейінгі оқиғалары мен экипаждың жолаушыларға қалай көмектескені туралы айтып берді.

Тәжікстан тумасы соңғы 24 жылда Ресейде тұрып, сол жақтың азаматтығын алған.

"Мен сол кезде мүлгіп отырған едім, кейін ұшақ биік көтеріле бастағандай сезілді. Көзімді ашсам, тұман көрдім. Астыңғы жағында тұман, ештеңе көрінбейді. Сонда мен ұшақ екінші айналымға барып, қайта қонатын шығар деп ойладым", - дейді Рахимов.

Ұшқыштың маневрлерінен ол ұшақ екінші рет қонайын деп жатыр деп түсінген.

"Бұл менің болжамым ғана. Грозный қаласы сол маңда болды ма, нақты айта алмаймын, өйткені оны көрмедім. Тек болжам ғана айта аламын", - деп түсіндірді ол.

Рахимовтың айтуынша, жарылыстан кейін бірден кейбір оттегі маскалары түсті. Ол ұшақ қаптамасының зақымдалғанын да байқаған. Ұшақ қатты шайқалды, содан кейін ұшақ биіктей бастаған. Содан кейін ұшақ теңселіп, төменгі биіктікте тұрақтап, ұшуды жалғастырған.

"Біршама уақыт өткеннен кейін теңіз көрінді, ауа райы да ашыла бастады. Сол кезде ұшақ біртүрлі, бақылаусыз қалған сияқты болып көрінді", - дейді ол.

Оның айтуынша, жарылыстан кейін ұшақ басқаруға келмей қалғандай болып, қалтақтап, шайқала бастаған.

Жолаушылар осы сәтте қатты қорқып, бұл олардың өміріндегі соңғы сәттер болуы мүмкін екенін сезіне бастаған. Рахимовтың өзі дұға оқып, креслода отырып, намаз оқыған.

Ер адам ұшақ құлағаннан кейін есін жоғалтпағанын, бірнеше рет артқа ұшып кеткенін және басымен соққы алғанын айтады.

"Көз алдымда от, сарғылт жалын көрдім. Кейін… бәрі бірнеше секунд ішінде болды. Содан кейін тыныштық орнады. Тып-тыныш. Мен тірі қалғаныма қатты таңғалдым", - деп еске алады Рахимов.

Оның айтуынша, ұшақ жерге соғылғаннан кейін құйрық бөлігі алысқа ұшып кеткен. Өзі 39-орындықта, ұшақтың құйрық жағында отырған.

Ол ұшақ бортсерігінің батылдығына ерекше таңданғанын айтты. Бортсерік соңына дейін өз міндеттерін орындап, жолаушылармен сөйлесіп, оларды тыныштандыруға тырысты.

"Ол өзін керемет ұстады. Жазбамда оның дауысы бар, алаңдаулы дауысы. Ол әзербайжан тілінде сөйлеп, адамдарды тыныштандырып жатты. Ол бәрін нұсқаулыққа сай жасады, соңына дейін. Сол стюардесса соңғы сәтке дейін жолаушылармен сөйлесіп тұрды", - деді Рахимов.

Апаттан бірнеше минут өткен соң, Рахимов қауіпсіздік белдігін шешіп шыққан. Тірі қалған бортсеріктер жараланған, ал бір стюард ілініп қалып, әрең сөйлеген.

"Мен оларға: "Мұнда тез ашылатын қосалқы есік бар ма, соны көрсетіңіз?" дедім. Олар абдырап, ес жия алмай, маған жауап бермеді", - дейді ол.

Екі әйел орындықтарында қысылып қалған, Рахимов оларға көмектеспек болған, бірақ қолынан келмеген. Сол кезде жедел жәрдем көлігі келіп жетті.

Сондай-ақ ол Қазақстанға апаттан зардап шеккен жолаушыларға дер кезінде көмек көрсетіп, ауруханада вице-министрдің келгені үшін алғысын білдірді.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15.55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!