Ұшақ апатынан кейін аман қалған ер адамның әйелі де тірі қалған

Ұшақ апатынан кейін аман қалған ер адамның әйелі де тірі қалған

Ақтауда ұшақ апатынан кейін күйеуі іздеу салған әзербайжандық әйел табылды. Туыстарының сөзінше, әйел адам ауруханаға кома жағдайында түскен. Қазір әйел адам есін жиып, өзіне келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Әзербайжанның Загаталь ауданының тұрғыны Нурулла Сираджов Ақтаудан Бакуге жеткізілген болатын. Сол кезде ер адам әйелін іздеп, оның апаттан кейін қайда жоғалып кеткенінен бейхабар екенін айтқан. 

"Қазір қандай жағдайда екенін білгім келеді. Онымен кездескім келеді. Ұшақта бірге отырғанбыз. Одан кейін көрмедім. Мен сағынған жалғыз адам - әйелім", - дейді ер адам.  

Бүгінде әйелі Муслюмат Сираджова есін жиып, аты-жөнін айта бастаған. Қазіргі таңда оның қасында ұлы бар.

Айта кетейік, бұған дейін Әзербайжан әуе жолдарының (AZAL) J28243 рейсімен Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Қазақстанның Ақтау қаласы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушысы болған оқиға туралы айтып берген болатын

Субхонкул Рахимов AZAL ұшағының апатқа дейінгі оқиғалары мен экипаждың жолаушыларға қалай көмектескені туралы айтып берді.

Тәжікстан тумасы соңғы 24 жылда Ресейде тұрып, сол жақтың азаматтығын алған.

"Мен сол кезде мүлгіп отырған едім, кейін ұшақ биік көтеріле бастағандай сезілді. Көзімді ашсам, тұман көрдім. Астыңғы жағында тұман, ештеңе көрінбейді. Сонда мен ұшақ екінші айналымға барып, қайта қонатын шығар деп ойладым", - дейді Рахимов.

Ұшқыштың маневрлерінен ол ұшақ екінші рет қонайын деп жатыр деп түсінген.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15.55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина
Logotype Massaget