Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетіледі?

Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетіледі?
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ақтауда ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына төленетін төлемдер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Ақтаудағы брифинг барысында айтылды. Спикер айтуынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының желісі бойынша асыраушысынан айырылу бойынша төлем туралы шешім қабылданды.

"Жергілікті құрылым желісі бойынша демеушілермен, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасаймыз. Әрине, біржолғы көмек көрсетіледі. Қазір мөлшері анықталады. Кепілдендірілген мемлекеттік төлемдерге келетін болсақ, республикалық бюджет желісі бойынша әрбір отбасы бойынша тиіс төлемдер жүзеге асырылады", - деді Сарбасов Ақтау әкімдігінде өткен брифингте.

Ол төлем көлемін шамамен атады.

"Асыраушысынан айырылу бойынша 138 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі. МӘСҚ желісі бойынша 257 мың теңге", - деп атап өтті спикер.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев ай сайын отбасы 500 мың теңге алатынын айтты.

"Егер бұл көпбалалы отбасы болса, сома жоғары болуы мүмкін. Кепілдендірілген мемлекеттік төлемдерге келетін болсақ, біржолғы көмек бес миллион теңге көлемінде қарастырылған", - деп түйіндеді Бозымбаев.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек