Ақтау маңында болған ұшақ апаты кезінде ең алғашқы болып оқиға орнына жетіп, әуе кемесінің есігін ашып, құтқару жұмыстарына атсалысқан азамат - ҚР Әуе қорғаныс күштері авиациялық базасының әскери қызметкері Нұрлан Ботағарин, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ұшақ апаты болған маңайда Әуе қорғаныс күштері авиациялық базасының станциясы орналасқан. Нұрлан Ботағарин 30153 әскери бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі ретінде сол күні кезекшілік жұмысында болған. Ұшақтың құлағанын көргенде жұмыс орнына әріптесін қалдырып, өзі еш ойланбастан құлаған ұшаққа қарай жүгірген.
"Әуедегі ұшақтың қона алмай жүргенін байқағаннан кейін, көз алмай қарап тұрдым. Оқиға орын алған кезде дереу көлігіме отырып, ұшаққа қарай беттедім. Алғашқыда он шақты адамы бар кішкентай ұшақ шығар деп ойладым. Бірақ адам көп екен. Алдымнан ақ көйлекті, үсті-басы қан-қан болған кішкентай қыз шықты. Расында мұндай ауыр жағдайларды, бөлінген дене мүшелерін, жүрегің ауыратын қиын сәтті көрмегеннен кейін, шошып та кеттім.
Артқы жақтағы ұшақтың бөлінген тұсындағы есікті қатты теуіп ашып қалып едім, ар жақтан шыға алмай жатқан біраз адам барын көрдім. Солай бәрін шығаруға тырысып жатқанда көмекке "Маңғыстау өңірлік электротораптық компаниясы" (МӨЭК) қызметкерлері мен құтқарушылардың келіп жатқанын байқадым. Жедел жәрдемнің дауысы шығып, олар да жақындап қалғанын білдім. Солай барынша қолымнан келген әрекетті жасадым", - деді құтқарушы.
29 жастағы Нұрлан Ботағарин Ақтау қаласының тұрғыны. Боранқұл ауылының тумасы. Бүгінде жары екеуі екі қыз тәрбиелеп отыр.
Нұрлан бұл әрекетін әскери борышы ғана емес, азаматтық парызым деп есептейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз