Алматы облысында үш мың оқушысы бар "Айханым" ауылында мектеп жоқ. Балалар жақын маңдағы ауылдарға барып оқиды. Елді мекенге мектеп салу мәселесі жеті жыл бұрын көтерілген. Алайда, жергілікті билік ауылға мектеп салуға салғырт қараған сыңайлы Бұл күні ата-аналар балаларын мектепке таситын такси жалдауға мәжбүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Талғар ауданына қарасты "Айханым" ауылы Алматыға жақын орналасқан. Бірақ, ауылда мектеп болмағандықтан, оқушылар "Өтеген батыр" кенті, "Еркін" мен "Қызыл ту" ауылдарына қатынап білім алады. "Өтеген батыр кентіне "Айханымнан" мың бала қатынап оқып білім алады" дейді ата-аналар. Оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус болмағандықтан, такси жалдауға тура келеді. Жалдамалы жүргізушілер бір балаға 20 мың теңге ақы сұрайды. Оны әр ата-ананың қалтасы көтермейді.
"Жыл өткен сайын мектепке баратын бала саны артып келеді. Және жаңа оқу жылында бірінші сыныптың табалдырығын аттағалы тұрған оқушылар қосылады. Бізге мектеп керек. Мектеп салынғанша балаларды таситын үлкен автобустар керек", - дейді ауыл тұрғыны Ерік Әбдірахман.
Қазір "Қызыл ту" мен "Еркін" ауылдарына баратын оқушыларды микроавтобус жинап әкетеді. Көлік күніне екі рет жүреді. Бірақ, мыңдаған оқушыға екі автобус аздық етеді. Облыстық білім басқармасының мәліметінше келесі жылы "Айханымдағы" оқушы тасымалына қосымша екі автобус беріледі екен.
"Облыс бойынша 36 автобус сатып алу жоспарланған. 11 автобус Талғар ауданындағы оқушылардың тасымалына бөлінеді", - деді Алматы облыстық білім басқармасының мамандары.
Ал, ауылда мектеп салу үшін екі гектар жер қарастырылған. Бірақ білім шаңырағының құрылысы қашан басталатыны белгісіз.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!