Үш мегаполисте жастар үшін 12 мың жалға берілетін пәтер салынбақ

Мемлекет басшысының жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына орай ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған орай алдағы үш жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жалға берілетін 12 мың пәтер салынбақ.

Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй 5 жыл мерзімге беріледі. Осы уақытта жастар өз баспанасына бастапқы жарнаны жинап алады деп жоспарланған. Босаған жалға берілетін үй келесі үміткерлерге беріледі.

Жалпы алғанда, 2019 жылдан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін жастарға еліміздегі үш мегаполисте 7 мыңға жуық жалға берілетін пәтер салынды.

Сонымен қатар бүгінде жастарға баспана алуға арналған мынадай бағдарламалар іске қосылды:

- Астана қаласында «Елорда жастары»;
- Алматы қаласында «Алматы жастары»;
- Қарағанды облысында «Қарағанды жастары»;
- Жамбыл облысында «Әулие ата жастары»;
- Батыс Қазақстан облысында «Орал жастары»;
- Қостанай облысында «Қостанай жастары»;
- Алматы облысында «Алатау жастары»;
- Атырау облысында «Атырау жастары».

Одан бөлек, Павлодар облысында «Ертіс жастары», Абай облысында «Абай жастары», Ақтөбе облысында «Ақтөбе жастары» өңірлік несиелендіру бағдарламалары даярланып жатыр.

Аталған бағдарламалар жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Шарттары:

- Жылдық үстемақы — 5%;
- Бастапқы жарна көлемі — 0-ден 10%-ға дейін;
- Несиелендіру мерзімі — 25 жылға дейін.