Үш күн іздеген: Алматы тауларында жоғалған турист аман табылды

Турист 20 мамыр күні Шымбұлақ жағынан тауға аттанып, екі күннен кейін оралуға тиіс болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ТЖМ-ге сілтеме жасап.

Алайда ер адам белгіленген уақытта оралмаған, байланысқа шықпаған — телефоны желі аясынан тыс болған. Туыстары құтқарушыларға жүгінді.

"Іздестіру жұмыстарына ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің мамандары шұғыл аттанды. Құтқарушылар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы бағытына қарай беткейлерді жаяу тексерді", — деп хабарлады ведомстводан.

Ер адам бағытты тексеру барысында табылды. Оған медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оның "Медеу" биік таулы мұзайдынына қауіпсіз түсуін қамтамасыз етіп, жақындарына тапсырды.

ТЖМ тауға шығарда жақындарыңызға нақты бағытыңыз бен жорық уақытыңызды міндетті түрде хабарлау қажет екенін ескертті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!