- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үш жылда бірде-бір...
Үш жылда бірде-бір қылмыс болмаған. Ұлытау облысында ауыл тұрғындары ішімдіктен түбегейлі бас тартқан
Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауданындағы ауылдық округтің бірі толық алкогольден бас тартқан. Бұл аймақта алкоголь сатылмайды да, қолданылмайды да. Бұл тұрғындардың өзі қабылдаған шешім, кейінгі үш жылда ауылдық округте бірде-бір қылмыс болмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ішімдіктен бас тарту туралы ұсыныс ең алдымен жастардан түскен. Бұл идеяны ауыл тұрғындары да қолдаған. Ішімдікті ішуге тыйым салынып қана қоймай, дүкен сөрелерінен де алынып тасталды.
"Жастарымыз өте белсенді. Бәріміз ішімдікке түбегейлі қарсымыз. Тыныш өмірдің демеушісі - ішімдіктің болмауы", - дейді Сәкен Сейфуллин атындағы ауыл тұрғыны Нұрлан Орынбайұлы.
Ауылдық округ құрамында 3 ауыл бар. Жергілікті учаскелік инспектор ауылдарды көп араламайды.
"Кейінгі жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеді. Ауыл жастары қызметпен немесе мал бағумен айналысады", - дейді инспектор Сәкен Қартаев.
Сәкен Сейфуллин атындағы ауылда мерекелер ішімдіксіз өтеді. Дүкені бар кәсіпкерлер ауыл тұрғындары секілді ішімдіктен бас тартқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина