- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үш жасар қызым...
"Үш жасар қызым буындырды". Алматы облысындағы жантүршігерлік оқиғаға қатысты тың дерек шықты
Алматы облысында екі жасар сәбиді өлтірді деген күдікпен күтуші тергеліп жатыр. 30 жастағы әйел ауылдасының баласына кейінгі жарты жылдан бері бас-көз болып жүрген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.
Күтуші сәбидің өліміне "қатысым жоқ" деп отыр. Оның тергеушілерге берген жауабында баланы өзінің үш жасар қызы буындырғанын айтқан. Ұлынан айырылған ата-ана бұған сенбейді. Олар қазір бостандықта жүрген әйелдің дереу қамалғанын талап етіп отыр.
Қайғылы оқиға Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында болды. Сәбидің ата-анасы 23 наурызда дәл осы үйге екі бірдей баласын күтушіге тастап кеткен.
"Есігінің алдында, табалдырықта бала ес-түссіз жатыр. Ешқандай қозғалыс жоқ. Саусақтың іздері бар, тұншұқтырған. Сол әйелдің өзі істеді деп күдіктенемін. Өйткені үш жасар қызы өлтіретіндей емес", - дейді сәбидің анасы Алтынай Көшерова.
Ал сәбидің әкесіне тергеушілер күтушінің күдікті ретінде тергелуіне мәлімет аз деген.
"Сұрасақ, күдікті ретінде толық мәлімет аз дейді. Бұған қандай мәлімет керек? Менің балам өлді. Адам ары қарай тайраңдап өмір сүре беру керек пе?" - дейді баланың әкесі Қаржаубай Киымбаев.
Әу баста іс 141-баптың 2-бөлігі, яғни "абайсызда жас баланың өліміне әкеп соғу" бойынша қозғалған. Бірақ тергеп-тексерудің нәтижесінен кейін келесі күні бірден "жас баланы өлтіру" бабына ауыстырылған. Прокурорлар күдіктінің қадағалауда екенін айтады.
"Талғар ауданы сотында Талғар ауданы полиция басқармасының өтініш хаты бұлтартпау шарасын екі ай мерзімде ұстау бойынша қаралып жатыр. Біз бүгін оны жолдаған болатынбыз. Дәл қазір ұсталған күдіктінің бұлтартпау шарасына сәйкес сотқа барады, сотта ары қарай екі айға ұзартылады немесе басқа да шешім шығуы мүмкін", - деді Талғар ауданы прокуратурасының аға прокуроры Рашид Чотбаев.
Ал күтуші болған 30 жастағы әйелдің жақындары аң-таң болып отыр. Олардың айтуынша, оның баланы өлтіруіне еш себеп те, негіз де жоқ.
"Баланы баққаннан кейін өлтіремін деп бақпайсыз ғой. 510 теңге болсын деп баққан. Өзінің үш баласы бар, өзі төртіншісіне аяғы ауыр. Тиын-тебен болсын, ана жақтағылар да жұмыс істейік деп, екі баласын әкеп беріп отыр ғой. Кішкентай баланы буындырып қойды деп айтқаны болмаса, болды. Басқа ештеңе айтылған жоқ", - дейді күтушінің туысы Нұрмира Кененбаева.
Күтуші әйелдің жақындары да, көз жұмған баланың ата-анасы да тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 20 жылдан бастап өмір бойына дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек