- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үш ай пошташы...
"Үш ай пошташы болдым". Танымал композитор өнер жолына қалай келгенін айтты
Танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов "Төрлетіңіз" бағдарламасында өнерге келу жолын айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің айтуынша, алғашқы ұстазы әкесі екен.
"Музыкаға қызығуыма әсер еткен адам – әкем. Өнер адамы болуымды қалады. 5-сынып оқып жүргенде 11 жастағы баласын поштаға жұмысқа тұрғызды. Үш ай бойы ауылда хат пен газет-журнал тасушы болдым. Баламын ғой, кейде ойнап жүрген достарымды газет таратуға жұмсай саламын. Кешкілік үйге "газет-журналымыз келмеді" деп адамдар іздеп келетін. Үш ай жұмыс істеп, 105 рубль таптым. Сол жылы әкем баян алып берді. Амал жоқ таңертеңнен кешке дейін баян үйрендім. Негізі ғарышкер болуды армандағанмын. Бірақ арманым орындалмайтын болғасын, консерваторияға түстім", – деді ол.
Сондай-ақ, ол әкесі өнер адамы болуын қатты қалағанын атап өтті.
"13 жасымда әкем қайтыс болды. Одан кейін анам менің тәрбиемді толығымен жауапкершілігіне алды. Әкемнің аманаты болуы керек, өнерді тастамауымды қатты қадағалады. Тіпті студент кезімде қорасындағы жалғыз сиырын сатып, пианино алып берді", – деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы