Биыл мамыр айында Түркияда ұсталған "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі Қазақстанға экстрадицияланған жоқ. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімет берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанның Бас прокуратурасы Талғат Арданды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін оны экстрадициялау жөнінде Түркия Әділет министрлігіне сұрау жолдаған.
"Қазіргі уақытта түрік тарапынан бұл сұрау бойынша шешім қабылданған жоқ, себебі Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы 1995 жылғы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды беру туралы келісімде мұндай сұрауларды қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген", – делінген Бас прокуратураның Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында.
Яғни келісімде мұндай өтініштерді қарау мерзімі бекітілмеген. Демек, Түркия бұл сұрауды бір жылдан кейін де, он жылдан кейін де қарауы мүмкін.
"Оны экстрадициялау туралы сұрауды қарау Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады", – деп толықтырды Бас прокуратура.
Егер Талғат Ардан Қазақстанға экстрадицияланса, оның Түркияда қамауда отырған уақыты Қазақстан соты тағайындаған жаза мерзіміне қосылады.
Еске салайық, 2023 жылдың мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT ісі бойынша Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарған еді. Екеуі де бюджет қаржысын иемдену және ысырап ету деректері үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. 2024 жылдың қарашасында Арданға жаңа үкім шығып, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Екі үкімді қоса есептеу арқылы оған мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2025 жылдың мамырында ҰҚК Талғат Арданның Антальяда ұсталғанын хабарлады. Анталья соты оны Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады. Жарияланым шыққан сәтте ол қамауда отырған еді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!