Қазан айында жол апатынан көз жұмған 31 жастағы отандық спортшы, пара таэквондадан Әлем чемпионы Нышан Өмірәлінің отбасына әлі күнге дейін өтемақы төленбеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер қаза болған спортшының отбасына өтемақының не себепті әлі күнге дейін төленбей жатқанын сұрады.
"Өтемақыдан бас тартылған жоқ. Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта шешім қабылданған жоқ", - деп түсіндірді спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
2024 жылдың 1 қазанында, сағат 22:15 шамасында, Нышан Өмірәлі Nissan Maxima көлігімен Түркістан облысынан Тараз қаласына бағыт алып бара жатып, жолға шыққан түйемен соқтығысқан. Көлікте тек жүргізуші болған. Жол-көлік оқиғасынан алған жарақаттарынан ол Тараз қаласындағы №1 ауруханаға жеткізілгеннен кейін қайтыс болды. Полиция қызметкерлері Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша алдын ала тергеу жұмыстарын бастады. Көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Жануардың иесін табу үшін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нышан Өмірәлі - 2014 жылы Қазақстанның тарихында бірінші паратхэквондист ретінде әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Сонымен қатар ол екі рет Паралимпиадада ел намысын қорғады, соның ішінде Парижде өткен соңғы ойындарда қола медаль үшін бәсекеде жеңіліп қалды. Ол 1993 жылдың 11 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол 80 келіден жоғары салмақ санатында, K44 класында - қозғалыс координациясы мен қолдарының жұмысында ақауы бар тхэквондист ретінде өнер көрсеткен. "Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлық орталығының" мәліметі бойынша Өмірәлінің артында әйелі мен үш баласы қалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!