- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үш әріпке 18...
"Үш әріпке 18 миллион теңге". Көкшетау әкімдігі бір күн ішінде жауабын өзгертті
Әлеуметтік желіде әйгілі "Голливуд" жазуына ұқсас Бұқпа тауындағы "Көкшетау" жазуының түсіп қалған әріптеріне 18 миллион теңге бөлінгені туралы ақпарат тараған еді. Қала әкімдігі осы ақпаратқа қатысты тағы да ресми жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын дауылдан Бұқпа төбесіндегі жазудың "тау" бөлігі құлап қалған еді. Жазуды қалпына келтіру үшін "18 миллион теңге бөлінеді екен" деген ақпарат қоғамдық резонанс тудырды.
Бұған дейінгі қала әкімдігі жауабында әлеуметтік желідегі ақпарат шындыққа жанаспайтыны хабарланған еді. Бірақ арада тәулік өтпей жатып, қала әкімдігі осыған дейін берілген жауабына мүлде кереғар тағы бір ақпарат ұсынды. Әкімдік мәліметінше, үш әріпті қалпына келтіру үшін, расында да, 18 миллион теңге бөлінген болып шықты.
"Бұқпа" тауының басындағы "Көкшетау" жазбасын жөндеп-қалпына келтіру жұмыстарын "Еңбек Көкшетау" ШЖҚ РМК мердігері 18 миллион теңгеге жүргізіп жатыр. Бұл сомаға "тау" бөлігі қалпына келтірілуі және Көкше бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізілу қажет. "Көкше" бөлігін жөндеу 6 587 068 теңге болады. Ал "тау" бөлігі 11 401 270 теңге болады", - дейді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, бұған дейін "Көкшетау" жазуының құлаған әріптеріне бөлінеді делінген қаражат жұртты шошытқаны хабарланды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Абьюзердің белгілері қандай?
Абзал Алпысбайұлы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz