- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үш әріпке 18...
"Үш әріпке 18 миллион": "Көкшетау" жазуының құлаған әріптеріне бөлінеді делінген қаражат жұртты шошытты
Көкшетауда Бұқпа тауының басында Америкадағы әйгілі "Голливуд" жазуына ұқсас "Көкшетау" деген жазу жазылған. Бұл жазу осыдан бірнеше ай бұрын қатты дауыл кезінде құлап қалған. Ал кейін әлеуметтік желіде тарап кеткен ақпарат қала тұрғындарын шошытты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дауылдан кейін зақым келген жазудың бөлшектері жиналған соң қала әкімдігі өкілдері жұртшылыққа жуық арада қаланың атауы жазылған жазу толық қалпына келтірілетінін мәлімдеген еді. Алайда арада бірнеше ай өткенімен, тау басындағы "Көкше" жазуы сол күйі қалған. Қала әкімі Бауыржан Ғайса жазу дайындалып жатқанын, дегенмен оған тау басындағы жазудың осылай тұрғаны да ұнайтынын айтқан.
Әлеуметтік желіде үш әріп қайта қалпына келтірілетіні туралы ақпарат тағы желдей есті. Онда әріптер дайын болғаны, ал оны орнату үшін жауын-шашын кедергі келтіргені айтылған. Бірақ үш әріпке бөлінеді делінген қаражат қала жұртын қайран қалдырды. Тараған ақпаратқа сәйкес құлаған үш әріп үшін бюджеттен 18 миллион теңге бөлінеді екен.
"Әріптерге алтын жалата ма екен? Әдеттегідей жаппай ұрлық болып жатыр", "18 миллион теңгені жол жөндеуге жұмсамай ма? Пайдасы көбірек болар еді", "Үш әріп орнату үшін 18 миллион теңге. Әріптер ай сайын құлап қала бере ме деп күдіктенемін", - деп жазды қала тұрғындары.
Бұл мәселенің анық-қанығын Көкшетау қаласы әкімдігінен анықтамақ болдық. Бірақ қала әкімдігі өкілі "әріптерді қалпына келтіруге 18 миллион теңге бөлінеді" деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Осы аптада әріптерді қалпына келтіру жұмыстары басталады. Үш әріпке 18 миллион теңге бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. 1-2 күнде ресми ақпарат береміз. Ресми ақпарат күтуіңізді сұраймын", - деді Көкшетау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі.
Абзал Алпысбайұлы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz