Villa Vie Odyssey лайнерінің жолаушылары кемеден үш аптадан аса уақыт бұрын түсіп кеткен. Алайда экипаждың ондаған мүшесі әлі күнге дейін Сингапур маңында зәкір тастап тұрған кемеден түсе алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Business Insider басылымына сілтеме жасап.
Экипаждың екі мүшесі басылымға кемедегі жағдайдың қиындап кеткенін айтып берген. Олардың сөзінше, күн өткен сайын үйіне қайтуға деген үміті азайып барады.
"Бұл біз үшін нағыз азапқа айналды. Бар тілегіміз – үйімізге қайту", – деді экипаж мүшелерінің бірі.
Теңізшілердің айтуынша, кейінгі 24 күн бойы кейбір каюталарда кондиционер жұмыс істемеген. Соның салдарынан бөлме температурасы 32 градустан асып кеткен.
Екі қызметкер де интернеттің жиі үзіліп қалатынын, сондықтан жақындарымен хабарласудың өзі қиындағанын айтқан. Ал экипаждың тағы бір мүшесі кір жуу қызметі тоқтатылып, қызметкерлерге арналған бар жабылғанын жеткізді.
"Кеме зәкір тастап тұрғаннан бері мұндағы жағдай күннен-күнге ауырлап барады", – деді алғашқы қызметкер.
"Кемедегі өмір тозаққа айналды", – деді екіншісі.
Теңізшілер үшін ең қиыны – белгісіздік. Олар кемеден қашан түсіп, үйлеріне оралатынын білмейді.
"Бізді ұмытып кеткендей сезінеміз", – деді экипаж мүшелерінің бірі.
Қазанның аяғында Villa Vie компаниясы лайнерде тұратын жолаушыларға Камбоджа жағалауында кемеден түсу үшін небәрі бірнеше сағат уақыт берген.
Бұған компанияның круиз жобасын уақытша тоқтатуы себеп болған. Бұл жоба бойынша адамдар 119 999 доллардан 439 999 долларға дейін ақша төлеп, кемеден каюта сатып ала алатын. Осылайша олар өмірінің қалған бөлігін теңізде өткізу мүмкіндігіне ие болған.
Алайда компания бірнеше ай бойы қаржылық қиындықтарға тап болған. Villa Vie өкілдері мұны жанармай бағасының қымбаттауымен түсіндірген.
Қаржы тапшылығы салдарынан кемедегі қызмет көрсету сапасы нашарлап, саяхат бағыттары бірнеше рет өзгерген. Тіпті жолаушылардан қосымша ақша төлеу сұралған.
Бұрынғы жолаушылар қазір құрлыққа шығып, зейнет жасындағы өміріне құрған жоспарларын қалай жүзеге асыруды ойластырып жүр.
Ал Villa Vie компаниясының негізін қалаушылардың бірі Микаэль Петтерсон Business Insider басылымына Odyssey лайнерінде әлі де 63–67 экипаж мүшесі бар екенін растаған.
Кеме сот шешімімен қамауға алынғаны белгілі болды.
Қарашаның басында Сингапурдың Теңіз және порт басқармасы мәлімдеме жасап, қолда бар ақпарат бойынша экипаж мүшелерінің жағдайы қалыпты екенін хабарлаған. Сондай-ақ, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселесі кеменің несие берушілерінің бақылауында екені айтылған.
"Жағдайдың мінсіз емес екенін мойындаймын. Бірақ оны азап деп те атауға болмайды", – деді Микаэль Петтерсон.
Оның түсіндіруінше, кеме қамауда тұрғандықтан, оны зәкір тастаған жерінен айлаққа жеткізу үшін Сингапур сот орындаушысының рұқсаты қажет. Экипаж мүшелері тек содан кейін жағаға шыға алады.
Теңізшілер осы аптаның аяғына дейін кемеден түсеміз деп үміттеніп отыр. Алайда олардың айтуынша, бұған дейін де жағаға шығатын күн бірнеше рет белгіленіп, кейін қайта кейінге шегерілген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!