“Ұрып, тамағын тартып алған“. Әйел ұлын ауруханада жалғыз қалдырғанына өкінетінін айтты

“Ұрып, тамағын тартып алған“. Әйел ұлын ауруханада жалғыз қалдырғанына өкінетінін айтты
Фото: Tengrinews.kz

Ақтөбеде мүгедектігі бар 10 жастағы баланың анасы ұлын бірнеше күн бойы балалар ауруханасында бірге жатқан басқа науқастар ұрып, қорқытқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дәрігерлер мұны жоққа шығарып отыр, ал полиция тексеруді бастады. Мектеп оқушысының анасы Ақсана Оразбекованың айтуынша, оның ұлы көпбейінді облыстық балалар ауруханасының неврология бөлімінде үнемі ем алады. Әдетте ол ұлының қасында болады, бірақ бұл жолы баланы жалғыз қалдыруға мәжбүр болған.

"Біз бұл бөлімшеге жиі барамыз. Ұлымды мұнда – дәрігерлер де, бөлім меңгерушісі де – бәрі жақсы біледі. Бұл жолы қызым ауырып қалғандықтан, оны жалғыз қалдырдым. Дәрігерлер "өзіне қарай алады" деп сендірді. Мынандай жағдай болады деп ойлаған да жоқпын", – дейді Ақсана Оразбекова.

Оның сөзінше, келесі күні-ақ баласының мінез-құлқынан өзгеріс байқалған.

"Ұлым менімен дұрыс сөйлеспей қойды. Ал ол - ашық, көп сөйлейтін бала. Бірден "біреу сені ренжітті ме?" деп сұрай бастадым. Ол "жоқ" деп бұлтарды, бірақ мен бірнәрсе дұрыс емес екенін сезіп тұрдым. Қоңырауыма ұзақ жауап бермей жүрді, бұл да күдік тудырды. Кейін "суың қалды ма?" – деп сұрасам, "ештеңем қалмады" дейді. Таңғалдым. Ол басқа балалармен бөлісіп жүргенін әзер айтты", – дейді 10 жастағы баланың анасы.

Анасының айтуынша, 1 желтоқсанда бала болған жағдайды айтып берген. Ол 28 қарашадан 1 желтоқсанға дейін бөлімшедегі басқа науқастардан таяқ жегенін айтқан.

"Менің баламды бірнеше күн бойы ұрып-соғып, күрес әдістерін жасап жүрген. Одан қысым көрсетіп, тамағы мен сусынын тартып алған. Төрт тәулік бойы балам дұрыс тамақ ішпеген. Оған психологиялық қысым жасалған, айтып беруге қорыққан, себебі оған "әлі көресің" деп қоқан-лоққы жасаған. "Мен жылап, айқайладым, дәлізге жүгіріп, көмек сұрадым, бірақ ешкім мән бермеді" деп отыр", – дейді Оразбекова.

Әйелдің айтуынша, ұлын бір жасөспірім ұрған, ал тағы екеуі қысым көрсетіп, қолдап тұрған.

"Бөлмедегі ең кішісі – менің ұлым. Ең үлкен науқас – 16 жаста. Үшеуінің ішінде біреуі 12 жаста. Сол бала ұлымды ұрып, соққыларын, күрес әдістерін жасап жүрген, басынан ұрған, теуіп жіберген. Олар оны балағаттап, қорлаған. Ұрып жүрген – біреуі, ал мазақ қылып, қысым көрсетіп, тамағын, сусынын тартып алып, телефонын беруге, интернет пайдалануға мәжбүрлеген – үшеуі", – дейді баланың анасы.

Оның айтуынша, баласының денесінде көгерген жерлер пайда болған, іші мен қолы ауырған, бастағы гипертензия белгілері күшейген. Сондай-ақ клиникалық психолог та кері әсері барын айтқан. Оразбекова полицияға арыз жазғанын және үш күн бойы соққыны тіркеу үшін сот-медициналық сараптамаға жолдама күтетінін айтты.

Аурухананың ұстанымы

Көпбейінді балалар ауруханасы балалар арасында жанжал болғанын растайды, бірақ "ешкім ұрып-соққан жоқ" дейді.

"Стационарда емделіп жатқан 10, 11, 12 жастағы балалар кешке ойын ойнап жатқанда жанжалдасқан. Дыбысты естіген медбике палатаға кіріп, жағдайды көрген соң, балаларды әртүрлі палаталарға бөліп орналастырған", – деп түсіндірді жағдайды Ақтөбе облыстық көпбейінді балалар ауруханасының педиатр-кардиологы Әлима Ботбаева.

Стационарда сол кезде баланың денесінен көзге көрінетін соққы іздері анықталмағанын айтады.

Полиция не дейді?

Ананын арызы тіркелген, онда көрсетілген жайттар бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Материал жарияланған сәтте сот-медициналық сараптама әлі тағайындалмаған. Оразбекова мемлекеттік органдардан істі бақылауға алуды және объектив тергеуді қамтамасыз етуді сұрап отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz
Logotype Massaget