Атырауда тұрғынды азаптаған полиция қызметкерлері сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласының №2 сотында азаптау және азаптауға жәрдемдесу айыбымен 5 полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
"Полиция қызметкерлері А., М. және Ж. жұмыс кабинетінде қылмысты ашу, полиция бөліміне жеткізілген азамат К.-ны ұрып-соғып, тұншықтырған. Сөйтіп, жәбірленушіге тән азабын келтірген. Сол қызметтік кабинетте болған С. мен Т. азаптауды тоқтатпай, әрекетсіздік таныту арқылы азаптауға жәрдемдескен", - делінген хабарламада.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, қалалық полиция бөлімі ғимаратынан алынған бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен, сот-медициналық, сот-молекулярлық-генетикалық, сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелленген.
Сот сотталушылар А., М., Ж.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау) С. мен Т.-ны 28-бабының 5-бөлігі, 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптауға көмектесу) кінәлі деп таныды.
Сотталушыларға құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге, бас бостандығын 3 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!