"Ұрып-соғып, тамақ бермей қоятын". Атыраулық азамат басынан өткен қиын жағдайды айтып берді

"Ұрып-соғып, тамақ бермей қоятын". Атыраулық азамат басынан өткен қиын жағдайды айтып берді
Фото: Көрнекі сурет©️ Тұрар Қазанғапов

Қазір кез келген жерден жұмысшы іздеген хабарландыруды жиі байқауға болады. Атыраулық азамат осындай жарнаманың құрбаны болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жарты жылдай уақыты құлдық қамытында өткен ер адам 37 жаста.

"Ауылда тұрамын. Ауылда білесіздер, жұмыс табу жағы қиындау. Қолымда анам бар, бауырларым бар. Отбасыма көмегімді тигізу үшін, "мал бағушы, бақташы керек" деген жарнаманы оқығаннан кейін мал бағуға жалдандым", - дейді Айбек (есімі өзгертілді - еск.).

Ол Қызылқоға ауданындағы алыс қыстақтардың бірінде мал баққанын айтты.

"Осындай жалақы төлейміз, жатар жерің, тамағың тегін" деп алдап-сулаған жұмыс берушілерім, шын мәнінде адам күшін ғана пайдалануды білетін қатыгез адамдар болып шықты. Күні-түні табаным тілінгенше мал бақтым. Дегендері болмай жатса, ұрып-соғып, тамақ бермей қоятын. Киімдерім де әбден тозып бітті. Жаз мезгілінде жеңіл киіммен шыққан едім, күз түсіп, күн суытқанда да сол жұқа киімдермен жүрдім. Телефонымды, құжатымды тартып алғаннан кейін үйге де байланыса алмадым", - дейді Айбек.

Айбек үйіне жарты жылдан аса уақыт өткеннен кейін әрең оралған. Айбектің аман-есен табылуына туыстарының табанынан таусыла жүріп іздеп, қыстаққа дейін барғандары ықпал еткен. Туыстарының араласуының арқасында аман-есен отбасына оралған Айбек жұмыс берушілерінен өтемақы да алған екен. Оның сөзінше, сондықтан полицияға шағымданбаған.

Қазір ауыл ішінде әртүрлі жұмыстармен айналысып жүрген Айбек басынан үш жыл бұрын өткізген ауыр оқиғаны әлі күнге дейін ұмыта алмай жүргенін айтты.

"Жұмыс іздеген уақытта сенімді емес, күмәнді адамдарға жоламаған дұрыс", - дейді Айбек.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова