Жетісу облысының екі тұрғыны өз әкесін соққыға жығып, оған қорлық көрсетті деп айыпталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Ақсу ауданындағы ауылдардың бірінде болған. 62 жастағы жергілікті тұрғын әлеуметтік желі арқылы жұрттан көмек сұрады.
"Төрт ұлым бар, екеуі өз отбасымен осы ауылда тұрады. Солар менен үнемі көмек, ақша талап етеді. Бірақ қазір қиын заман, менде ақша қайдан болсын?! Шамам келгенше өсіріп, оқыттым, екеуі де ересек, өз күнін көре алатын жаста. Қыстың басында осындай жанжалдан кейін ұлдарым мені ауылдың шетіне апарып, ұрып-соғып, көйлекшең, аяғымдағы тәпішкемен тастап кетті. Үйге әрең жетіп, содан кейін бір айдай ауырып жаттым", - дейді қарт кісі.
Ол 2013 жылы отбасымен Қытайдан Қазақстанға көшіп келген, ауылдағы шағын шеберханада етікші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, ұлдары жұмыс орнының да астаң-кестеңін шығарып, терезелерін қиратып, құрал-саймандарын, ақшасын, телефоны мен құжаттарын тартып алып отырады.
Қария полицияға бірнеше рет шағымданған, тәртіп сақшылары оның екі ұлын да жауапқа тартқан. Олар бірнеше тәулікке, сондай-ақ, сот шешімімен бір айға да қамауға алынған. Алайда босап шыққан соң бұл істерін тоқтатпаған.
"Қазір екеуі де қамауға алынды. Бірақ оралғанда тағы не болады деп қорқамын", - дейді ол.
Қазір ер адам ұлдарының бірі тартып алған құжаттарын (паспорты мен жеке куәлігін) іздестіріп жатыр.
"Ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында заңсыз әрекетті оның 31 және 34 жастағы екі ұлы жасағаны анықталды. Сот үкімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсына қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар, сот істі қарау аясында 3 ай мерзімге жәбірленушіге жақындауға тыйым салу туралы ерекше талаптар белгіледі. Қазір олар қамауда отыр. Босатылғаннан кейін екеуі де профилактикалық есепке алынады", - деді Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында ер адам әкесін аяусыз ұрып-соққаны хабарланды. Оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!