- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұрық сапасының төмендігі,...
Ұрық сапасының төмендігі, белсіздік, жыныс мүшесінің әлсіреуі: Уролог-андрологпен сұхбат
Қазіргі таңда ер адамдар арасында белсіздік, ұрық сапасының нашарлауы көп белең алып жатыр. Massaget.kz тілшісі уролог-андролог, PhD докторы Ернұр Айнаев жыныс мүшесінің тұрмай қалуына әсер ететін факторлар, ұрық сапасының төмендеуі диагнозы туралы сөйлесті.
Урологиялық аурулардың себебі неде?
Уролог-андрологтың айтуынша, бүгінгі таңда аурулар "жасарып" келе жатыр.
"Бұрын азооспермия (ұрықтың өте аз болуы) диагнозын мүлдем естімейтінбіз. Қазір жастарда осы диагноз көп. Күнделікті қабылдауда осы диагнозбен келетіндер көбейді. Бұл диагнозды осыдан 10 жыл бұрын айына, жылына бір рет еститінбіз. Статистикаға сүйенсек, зерттеулер бойынша 1930 жылы 1 мл ұрықтың ішінде 160 млн ұрық болған. Қазіргі ДДСҰ зерттеуінде спермограмманың нормасында 1 мл-да 15 млн ұрық бар. Қанша есеге ұрықтың мөлшері төмендеп келе жатқанын көрдіңіз бе? Бір ғасырда 100 млнға ұрықтың сапасы төмендеп кетті және күннен күнге төмендеп барады. Бұрын бедеуліктің 70 пайызы әйелден, 30 пайызы еркек себеп болатын еді ғой. Қазір 50/50 болды. Алдағы уақытта егер осылай жалғаса берсе, 30/70 болады деген болжам бар. Қазір әйелдерде қабынудан болатын ауруларды гинеккология тазалап, емдеп, жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Ал урологиядан жақсы нәтиже көрсету Қазақстанда қиын боп жатыр. Көптеген дәрігерлер жақсы нәтиже көрсете алмай жатыр. Себебі, бұл - өте қиын ота. Отаны санаулы адамдар ғана жасайды. Ер адамдар көбінесе ауруды емдегеннен гөрі экоға жүгінуді дұрыс санайды. Әрі қарай осылай кете берсе, еркектеріміз белсіздікке тап болуы мүмкін", - деді ол.
Ернұр Айнаев бала дүниеге келгеннен кейін бірден дәрігерге көрсету керек екенін айтты. Маманның айтуынша, балалар арасында жұмыртқасы төмен түспей туылатындар бар.
"Қазір балалардың жұмыртқасы төмен түспей туылып жатыр. Қалыпты жағдайда жұмыртқа төмен түсіп, жоғары көтерілмеуі керек. Бұған әйелдердің жүктілікті алдын ала жоспарламай, организміндегі түрлі ауруларды емдемегеннен болады. Жүктілік кезінде ішетін әйел гормонын көтеретін дәрілер де осыған себеп болады. Баланың жұмыртқасы төмен түспей туылса, екі жасқа дейін ота жасату керек. Көпшілігі мән бермей, бұл уақыттан кеш қалып жатады. Кейде балаға туғаннан кейін 4 айға дейін тағайындалған ем әсер етіп, жақсы нәтиже болып жатады. Бірақ 6 айдан асып кетсе, баланы отаға дайындау керек. "4-5 жасқа дейін жұмыртқасы түсіп қалатын болар" деп күтудің қажеті жоқ. Бұл - белсізсіздікке әкеліп жатқан диагноздардың бірі. Сол үшін бала дүниеге келгеннен бастап дәрігерге көрсету керек", - деді маман.
Неліктен балалардың жұмыртқасы жасына сай емес?
Маман аурулардың жасаруына балалардың жұмыртқаларының жасына сай дамымауы себеп болып отырғанын атап өтті.
"Яғни балалар бұрынғыдай жүгірмейді, секірмейді, үйде теледидар, телефон қарап отырады. Ал жұмыртқаның дамуы баланың жүгіріп ойнағанынан басталады. Көп қимыл-қозғалыс болмағандықтан, жұмыртқасы өспей, баланың дұрыс жетілмеуіне әкеледі. Негізі 10 жасқа дейін баланың жұмыртқасы өсіп, қалыпты нормасы 2-2,5 см-ге жету керек. Бірінші жұмыртқа, сосын мүше өседі. Жұмыртқа баланың бойындағы тестостеронды 1000 есеге көбейтеді. Мысалы, кішкентай балалардың анализінде тестостерон 0,003 деп тұрады. 10 жастағы баланың анализін қарасаңыз, тестостероны 1-ге жетеді. Демек, 1000 есеге көтеріледі. Тестостерон гормоны не үшін маңызды? Баланың бойын өсіретін, дауысын өзгертетін, денесінденгі бездерінің дамуына көмектесетін - осы тестостерон гормоны. Осы гормон уақытында дамыса, балада 10-11 жаста ағзада өзгерістер болады. Мүшесінің жан-жағына түк шығады. Егер жасына сай балада айтып отырған белгілер болмаса, дәрігерге көрсетіп, уақытында көмектесу керек. Көптеген ата-аналар бізге 15-16 жасқа толғанда әкеледі. Балада сүйектердің белгілі бір өсетін жері болады. Егер ол жабылып қалса, мүшелері де, бойы да өспей қалады. Ертерек қамдану керек", - деді уролог-андролог.
Оның айтуынша, баланы таза ауада жүргізу, көп қимылдату, секірту, физикалық жаттығу жасату маңызды.
"Қазақта "балаңды аясаң, аяма" деген сөз бар. Адам жүріп-тұру, қимылдау үшін жаралған. Егер біз үйде қимылдамай жатсақ, бұлшықеттеріміз кішірейіп кетеді. Ал жұмыс істесек, бұлшықеттер жақсарады. Варикоцелле қазір ер адамдарға көп қойылып жатыр. Жастайынан имплотент, белсіз болып жатқанына осы диагноз себеп болды деп айтар едім. Баланың бойы өспей, артық салмақ болуына да осының әсері мол", - деді Ернұр Айнаев
"Ұлыма варикоцеллеге ота жасадым"
Дәрігер түсік тастауға, балалардың аномалиямен туылуына варикоцелле диагнозының әсер ететінін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Күнделікті қабылдауға азоспермия диагнозымен келіп жатқандар 11-13 жастағы баланың жұмыртқасы секілді кішкентай болып, қалып қойған. Қандай да бір нәрсе әсер етті деп айту қиын. Мұның бәрі көп жағдайда варикоцелленің салдарынан өспей қалады. Варикоцелле - өршіп тұрған урологиялық аурудың түрі деп айтар едім. Бұлшықеттері әлсіз, тонусы төмен ер адамда қан тамырлардың да тонусы төмендейі. Вена қан тамырлары тесіктерінің жетіспеушілігінен, қан тамырлары кеңейеді. Кеңейген кезде олар жұмыртқаны қоршап алып, 36 градуста ұстайды. Ал жұмыртқа жақсы жұмыс істеу үшін 34 градус болу керек. Мұндай диагнозы бар балалар әлсіз, қыз секілді болады. Көңіл-күйі жоқ, ештеңеге зауқы болмайды, спортпен айналыспайды. Бұл диагноз тестостерон гормонын төмендеуінен болады. Салдарынан ұрықтың сапасы бұзылып, түсік тастауға, балалардың жүрек аномалиясымен туылуына әсер етеді", - деді Ернұр Айнаев.
Уролог-андролог варикоцелле диагнозы анықталған үлкен ұлына 13 жасында ота жасаған.
"Үлкен ұлыма 13 жасында варикоцеллеге ота жасадым. Екі баламның арасы 1,5 жас болғанымен, үлкен баламның бойы өспей қалды да, екінші балам ұзын боп кетті. Екеуі де оқуға кететін болып, анализдер тапсыртқыздым. Сол кезде үлкен баламда варикоцелле бар екенін білдім. Бірден ота жасадым. Оқуға кетті де, І тоқсан біткен кезде келді. Үлкен баламның бойы 5 см-ге өсіп, екінші баламнан ұзарған. Нәтиже бірден көрінді. Варикоцелле бойдың өсуіне, денесінің әдемі болуына, еркек сияқты қалыптасуына, бойындағы патриоттық сезімнің қалыптасуына, жұмыс істеуге құлшынысының артуына, позитивті болуға - бәріне әсер етеді. Сол үшін балларыңыздың ынжық болғанын қаламасаңыз, қазірден тексертіңіз", - деді ол.
Белсіздікке әсер ететін себептер қандай?
Ернұр Айнаев белсіздікке әсер ететін себептерді атады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Еуропалық урология бірлестігінің зерттеуінде, ең бірінші себеп - анықталмаған белсіздік. Бұған бұрынғы көз тию, сөз тию дегендердің әсері болуы мүмкін. Әр ойымыздың өзі дұға ғой. Кейбіреулер балалы болғысы келеді, бірақ қыз болып қалса, "тағы қыз болып қалды" деп ренжиді. Мұның өзі денсаулығына әсер етеді. Психологиялық әсердің салдарынан да көтермей қалуы мүмкін. Медицина нақты себебін анықтай алмайды. Қазір "детская трамва" деген сәнге айналды ғой. Сол секілді адамның миында, өзінде әртүрлі блоктар болуы мүмкін. Екінші орында - варикоцелле диагнозы. Уролог дәрігерлердің көпшілігі "варикоцелле бар, ол әсер етпейді" деп адамдарды шатастырады. Көпшілігі простатит, яғни бездің қабынуын емдейді. Бездің қабынуы ұрықтың сапасына әсер етеді, алайда варикоцелле сияқты маңызды түрде деп айта алмас едім. Варикоцелленің ешқандай белгісі көрінбеуі мүмкін. Кейбіреулер ота жасатқан соң дәрі қабылдамай-ақ бірден көтеріп жатады. Мұның бәрі организмге варикоцелленің әсерінен екені түсінуіміз керек. Үшінші орында жоғарыда айтқан балаларда кездесетін жұмыртқаның төмен түспей туылуы. Біздің мақсат - диагноз қойылған жанға ота жасай салу емес, алдымызға келген адамға нақты ем қолданып, дұрыс ота жасау", - деді ол.
Сондай-ақ, маман мемлекет дәрігерлерге жағдай жасау қажет екенін айтты.
"Қазақстанда андрологиялық ауруларды дұрыс жасап жатқан дәрігерлер кемде кем. Сол үшін дәрігерлердің білікті болуына мемлекет жағдай жасаса деймін. Көптеген мамандар ескі әдіспен жұмыс істеп жатыр. Бұл дұрыс емес. Дәрігер үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіруі тиіс. Соншалықты ізденіс жақсы нәтиже береді. Дәрігерлер шетелден білім алу үшін арнайы бағдарламалар жасалса, немесе оқуын төлеп берсе жақсы болар еді. Тым болмағанда айлығын көтерген жөн. Себебі шетелге шығу, оқу, ізденіс өте қымбат тұрады", - деді ол.
"Урологиялық ауруларды болдырмас үшін..."
Оның айтуынша, урологиялық ауруларды болдырмаудың негізгі жолы - некесіз қатынастардан арылу.
"Мүшеқап инфекциядан, жұқпалы аурудан қорғамайды. Соны көпшілікке жеткізгім келеді. Бұл біріншіден үлкен күнә, екіншіден өздеріңізге мәселе тауып аласыздар. Ал варикоцелле диагнозына спортпен айналыспау, тәтті жеу, артық салмақ, барлығы - әсер етеді. Бұл бір күнде, бір айда емес, жылдар бойы дамитын ауру. Балада варикоцелле болса, 13-15 жаста ота жасатқан дұрыс. Варикоцелле диагнозы қойылған соң Мармара отасы микроскоп, микродоплермен жасалады. Дүниежүзінде Мармара операциясын жасау үшін методика, құрылғы дұрыс болуы керек. Қазақстанда көптеген медициналық орталықтар Палома отасын жасап, Мармара операциясы деп атап жатады. Ал дүниежүзінде Палома операциясына зиян болғандықтан, жасауға тыйым салды. Себебі осы отадан соң диагноз қайталануы мүмкін", - деді ол.
Мармара отасы пациентті жартылай терең ұйықтату, наркоз арқылы жасалады.
"Мармара отасын дұрыс әдіспен жасамаған соң пациентке кері әсер беріп, ұрық сапасы төмендеп жатыр. Бұрын мен де бұл әдісті білмедім. Шетелге шығып, білім алған соң ғана білдім. Сол үшін 2-3 жыл барлық құралдарды алғанша, мен мүлде ота жасамадым. Біз отаны наркозбен жасаймыз. Мармара отасынан кейін 4 пайыздық болжамда қайталануы мүмкін. Дегенмен , басқа оталарға қарағанда бұл ота күрделірек саналады. Сол үшін отаға жауапты дәрігерлер осыны түсінсе екен деймін. Себебі бұл жігіттің болашағына тікелей қатысты", - деді ол.
"Әріптестерім көп нәрсеге мән бермейді"
Дәрігер варикоцелле диагнозын маңызды деп санамайтын әріптестеріне реніші бар екенін атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Маған республикамыздың түкпір-түкпірінен, соның ішінде БҚО, Түркістан обылсынан келетіндер көп. Олардың ішінде туылғанына 7 күн толған баладан бастап 94 жастағы қария болды. Қабылдауыма келгендердің ішінде варикоцеллеге отаны басқа жерге жасатып, бізге келетіндер бар. Қайтадан ота жасауға келсе, ота жасап, ем тағайындаймыз. Қабылдауыма 23 жастағы жігіт келді. УЗИ-дан варикоцеллесі бар екені анықталды. Спермограммасы төмендеп кеткен, ДНҚ-сы жоғары көтеріліп кеткен. Қабылдауымнан шыққан соң ол басқа урологқа барады. Барған маманы "варикоцеллеге ота жасатудың қажеті жоқ" деп кері жіберген. Сол кезде маған "ота жаса дедіңіз, мына дәрігер басқаша айтты, неге олай айтасыз" деді. Бұл пациентте анализ қалыпты болғанда да, бәрібір ота жасату керек еді. Осыны өзіне де айттым. Өкінішке орай, кейбір әріптесетерім халықты осылай шатастырады. Ұрықтың шығатын "үйі" жұмыртқадан дейтін болсақ, жұмыртқаның температурасы жоғары болса - дұрыс жұмыс істемейді. Ал жұмыртқа дұрыс жұмыс істемесе - ұрықтың сапасы төмендегенін білдіреді", - деді ол.
Сондай-ақ, отадан кейінгі қабыладуына келген жандардың нәтижесімен де бөлісті.
"Бізде УЗИ-де мүшенің қан тамырларын дұрыстап қарамайды. Мәселен, басқа қаладан пациентім онлайн консультация алды. Анализдерін қарасам, нашар екен. УЗИ-ге түсуді сұрадым. Үш УЗИ-ге түссе де қорытындысына "бәрі жақсы" деп жазып береген. Анализден сескенсем де, ем тағайындадым. 2-3 жылдай ем қабылдап, ана дәріні, мына дәріні қабылдағанмен нәтиже болмады. Содан соң Алматыға шақырттым. Келген бойда УЗИ-ге түсірдік, қорытынды бойынша екі жақты варикоцелле екені анықталды. Ота жасадық. Отадан соң жарты жылдан кейін жақсы нәтиже көрсетті. "Балалы болдым, мүшенің әлсіздігі кетті" деп хабарлама жазды. Түсік тастаудың себебі әйелден деп көпшілігі ойлауы мүмкін. Ал варикоцелленің салдары осы түсік тастауға әсер етеді", - деді ол.
Маманның айтуынша, сүндеттеу кезінде ата-ана жауапкершілікпен қарауы тиіс.
"Қазіргі таңда жаңа дүниеге келген балалар "сүндеттеліп туылды" деп жатады. Медицинада "гипоспадия" диагнозының салдарынан сүндеттеліп туылған сияқты болуы мүмкін. Яғни, үрпінің тесігі басынан емес, 1-2 мм төмен орналасады. Мұндай балалар аномалиямен туылған деген сөз. Осындай жағдай болса, бірден дәрігерге көрсету керек. Сондай-ақ, сүндеттеуге қатысты қазір көлікке мінгізіп "вип сүндеттеу" деген шықты. Мұның бәрі маркетинг. Егер сізге сүндеттеу маңызды болса, мұндай бағасы арзандарға алданбау керек. Алдымен сүндеттейтін медициналық орталықтың, дәрігердің лицензиясын, ота жасайтын кабинетін, оқыс жағдай кезінде дайын құрылғылары бар ма - соның бәрін қарай керек", - деді уролог.
Мастурбацияның зияны қандай?
Дәрігер мастурбация жасаудың зияны мен салдарын атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Кез келген жасы жетілген ер азамат жыныстық қарым-қатынасқа түсіп тұруы керек. Жасы 30-35-ке келіп, әлі үйленбей жүрген жігіттердің я тұрақты түрде жыныстық қатынасқа түсіп тұратын адамы бар, я мастурбация жасайды. Көптеген ер азамат мастурбацияға әуес, тіпті әдет болып кеткен десек болады. Медицина мастурбацияны құптамайды, себебі өте зиян. Оның зиянын алдыма тексерілуге келген еркектерден көріп жүрмін. Мастурбация көп жасайтын адамның жыныс мүшесі өте сезімтал немесе ештеңе сезбейтін болып қалады. Ал жыныс мүшесі өте сезімтал жігіттер тез бітіреді. Сәйкесінше, сезімталдығы төмен болса, бітіре алмай қиналады. Зиянын осыдан байқауға болады", - деді уролог-андролог.
Оның айтуынша, мүшенің әлсіз әрі сезімтал болуы немесе ештеңе сезбеуі осы мастурбацияның зиянынан болады.
"Мастурбация жасайтындар урологқа "жыныстық қатынасқа түссем, оргазм алмаймын, ештеңе сезбеймін" деген мәселемен келеді. Негізінде ер мен әйелдің мүшелері жыныстық қарым-қатынасқа арналған. Қатынасқа жұптардың мүшесі дайындалады, ол жерден сөл бөлінеді, жұмсарады, ісінеді. Ал қазір жігіттер оның орнына мастрбуция жасауды жөн көреді. Салдарынан ерлер кейін қатынасқа түскенде ләззат ала алмайды. Ер адамның бойындағы тестостерон гормоны оның басқа адамға ынтасын ашуға, үйленуге, жыныстық қарым-қатынасқа түсуге әсер етеді. Алайда, жоғарыда айтқанымда, ер-азаматтар қарым-қатынасқа түсудің орнына мастурбация жасай салады. Одан кейін екі-үш күн ынтасы болмайды. Осылайша, қалыпты тестостероны басылып, ынтасын тыйылады. Мүшесі де тұрмай қалуы осы себептен болады", - деді маман.
"Іштей күмән болса - маманға келу керек"
Уролог-андролог жігіттерде күмән, өзіне сенімсіздік туса, бірден тиісті маманға жүгіну керек екенін айтты.
"Егер жігіттер мүшесіне қатысты белгілі бір мәселені күнделікті ойлай беретінін түсінсе, бірден психиатрға, сексологқа, урологқа баруы керек. Қазіргі таңда көпшілігі дәріханадан мүшеге қатысты дәрілерді ала береді. Бұл - дұрыс емес. Оның бәрін дәрігердің нұсқауымен ішкен дұрыс. Егер адам мөлшерінен асырып ішіп қойса, өміріне қауіп төнуі мүмкін", - деді ол.
Өз бетімен емделу қауіптілігін де атап өтті.
"Сондай-ақ, неше түрлі жарнаманы көріп жүрміз. Жыныс мүшесінің тұрмай қалуына, тез бітіруіне, простатитке қарсы деп неше түрліні сатады. Олардың құрамы таза емес және ешқайсысы біз айтып отырған дертке көмектеспейді. Кері әсер беріп, қауіп төндіруі мүмкін. Кейде тәуелді болуы да мүмкін. Дәрігер кеңесінсіз ешқандай дәріні өз бетімен ішуге кеңес бермеймін", - деді дәрігер.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы