Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "Қазпоштадағы" ұрлыққа қатысты мәселені көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәулет Мұқаевтың сөзінше, "Қазпошта" қызметкерлері арасында сәлемдемелерді ұрлау дерегі жиі кездеседі.
"Қазпошта" қызметінде қызметкерлер арасында ұрлық бары жасырын емес. Түрлі тауарлар ұрланып жатады немесе бағалы тауарды өзге тауарға айырбастап жіберетін бірнеше қылмыстық оқиға болды. Заң жобасы аясында сондай қызметкерлерге қандай жауапкершілік артылады немесе қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қандай да бір жұмыстар жүргізіле ме?" - деп сұрады депутат.
"Қазпошта" АҚ-ның басқарма төрайымы Әсел Жанасова депутаттың сауалына жауап берді.
"Үлкен қаржымен, сәлемдемелермен жұмыс істейтін болғандықтан, ұрлық болып тұрады. Бірақ осы бағытта қатаң қадағалау функцияларын, бейнебақылау камераларын енгіздік. Цифрландыру деңгейін көтердік. Ұрлық деңгейін төмендету - клиенттер алдында біздің парызымыздың бірі", - деді Әсел Жұбанышқызы.
Айта кетейік, Мәжіліс отырысында "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы талқыланды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!