Ұрланған телефон сатып алғаныңыз үшін жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін: ІІМ ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі ұрланған телефон сатып алғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда ұялы телефон ұрлығы мен қалта ұрлығы азайып келеді. Жыл басынан бері ұялы телефон ұрлығы 40 пайызға төмендеген.

Полицейлер осындай 900-ден аса қылмысты ашқан. Ұрланған телефондар иелеріне қайтарылған.

"700-ден аса адам жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, ұялы телефон ұрлығымен айналысқан 12 қылмыстық топтың жолы кесілді. Ұрланған техниканы өткізетін орындарға ерекше назар аударылып отыр. Мысалы, Алматыда бұрын сотталған ер адам ұсталды. Одан 30-дан аса ұрланған телефон тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.

ІІМ өкілдері ұрланған мүлікті сатып алу және қайта сату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!