Ұрланған малды сатып алып, қайта сатумен айналысқан Қарағанды тұрғыны жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қарағанды облысында криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысты істі тергеуді белсенді түрде жалғастырып жатыр. 33 жастағы жергілікті тұрғын шаруашылық басшысының 13 сиырын ұрлады деген күдікпен ұсталып, кінәсін мойындады. Тергеу барысында полиция тағы бір қылмысты - ұрланған малды сатуды анықтады. Күдіктінің айтуы бойынша сатып алушылардың бірі 41 жастағы қарағандылық болып шықты. Ол күдіктіден жеті сиырды 2 миллион теңгеге сатып алған.
Тергеу мәліметтері бойынша сатып алушы қылмыстық әрекетке қатысы бар екенін біліп қана қоймай, ұрланған малды басқа жерден сатып алынған деп айтып, жасыруға тырысқан. Полиция азаматтарға ұрланған мүлікті сатып алу немесе сатуға қатысудың соңы заң алдында қатаң жауапкершілікке тартылуға әкеп соғатынын ескертті. Мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз