- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үркер" ұлттық сыйлығына...
"Үркер" ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау басталды
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Медиа дамыту қоры" корпоративтік қоры бүгіннен бастап БАҚ саласындағы "Үркер-2020" ұлттық сыйлығына өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.
"Үркер" сыйлығы баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік материалдар иесіне беріледі. Сыйлықтың мақсаты – журналистика мәртебесін арттыру, оны насихаттап ерекшелейтін кәсіби стандарттар мен критерийлерді бекіту. Сонымен бірге бұл байқау талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтап, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсетуге бағытталған.
Бәйгеге контент жасайтын және тарататын республикалық және өңірлік радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар қатыса алады.
Биылғы пандемияға қатысты ахуалға байланысты "Үркер" ұлттық сыйлығы күз маусымында өткізіледі. Өтінімдер 2020 жылдың 2 қазанынан 2 қарашасына дейін қабылданады.
Конкурсқа қатысатын жұмыстарға қойылатын талаптар:
- жұмыстар 2019 жылғы 1 қаңтар мен 2020 жылғы 1 қараша аралығында жариялануға тиіс;
- жұмыстар баспа басылымында, интернет-ресурста жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс;
"Үркер-2020" ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі онлайн форматта 2020 жылдың 13 қарашасында өтеді.
Биылғы жылы "Үркер - 2020" сыйлығы 11 номинация бойынша марапатталады:
1. Жылдың үздік фотосуреті;
2. Жылдың үздік репортажы;
3. Жылдың үздік аналитикалық материалы;
4. Жылдың үздік журналистік зерттеуі;
5. Жылдың үздік сұхбаты;
6. Жылдың үздік танымдық материалы;
7. Радиостанциядағы үздік жоба;
8. Жылдың үздік жаңалықтар порталы;
9. Жылдың үздік газеті;
10. Жылдың үздік журналы;
11. Шерхан Мұртаза атындағы номинация.
Биылғы сыйлықта публицистерге жеке номинация арналды. Номинация Шерхан Мұртазаның құрметіне аталды. Жазушының есімімен тек қазақ әдебиеті ғана емес, отандық журналистика да байланысты. Қазақ публицистикасының майталманы кәсіби журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген. Бүгінгі қоғам өмірінің өзекті мәселелері мен құбылыстарына өз жұмыстарын арнаған авторлар аталмыш номинацияға үміткер бола алады. Материалдар баспа немесе интернет-басылымдарда қазақ немесе орыс тілдерінде жариялануы қажет.
Байқау жұмыстарын беделді журналистер, журналистикаға еңбегі сіңген қайраткерлер және халықаралық медиа сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайды.
Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның үздік өкіліне жеңімпаз атағы беріліп, "Үркер-2020" естелік мүсіншесі және 1 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай сый табысталады. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер ұлттық сыйлықтың ресми сайтындағы өтінімді толтыруы керек.