Психолог Жұлдызай Әлиева төтенше жағдай кезінде үрейге берілмеу керегін айтты. Оның сөзінше, үрей - бір адамнан екінші адамға жұғатын вирус секілді дүние, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман жер сілкінісі кезінде сабыр сақтау қажет екенін айтады. Қас-қағым сәтте болатын құбылыс болғандықтан, отбасы мүшелерімен бірге қауіпсіз жерге дереу бара қою аса маңызды дейді.
"Егер дүмпу кезінде өзіңізді жоғалтып алсаңыз терең тыныс алуыңыз керек. Бұл өте маңызды әрекеттің бірі. Егер бес секунд терең тыныс алсаңыз, 10 секунд шығару керек. Мұны бес рет жасасаңыз, есіңізді жинауға көмектеседі. Кейін тез-тез бетіңізді суық сумен жуып, құлағыңызды уқалау керек. Бұл әрекеттер – миымызды, көңіл-күйімізді алдау үшін жасалады", - дейді Жұлдызай Әлиева.
Әлиеваның сөзінше, бұл әдістер қорқынышты жеңуге көмектеспейді, дегенмен алғашқы экстра-психикалық көмек түріне жатады.
"Қорқыныш пен адам бойындағы үрей бір адамнан екінші адамға көшеді. Ол вирус секілді жұмыс істейді. Сондықтан адамның эмоционалды күйі қасындағы адамдарға әсер етеді. Үрей кезінде адамның әлеуметтік міндеттері артқа шегеріліп, өзімді қалай аман қалуым керек деген ой бірінші орынға шығып кетеді. Адам өзін қалай да аман алып қалуға тырысады. Адамның денесі - басты индикатор. Өзінің іс-әрекетіне мән беру керек", – дейді ол.
Әлиева ата-ана балаларына жер сілкінісі туралы айтып беру керек дейді. Оларға ақпаратты қарапайым тілмен түсіндіріп, қалыпты құбылыс екенін түсіндіруге тиіс.
"Жер сілкінісі деген табиғаттың бір тылсым құбылысы екенін және бұл жағдайда адамдардың не істеу керегін айтып беріңіз, содан соң бұл тақырып жайлы айта бермей, өзіңіз қалыпты жағдайға оралуға тырысыңыз. Бала сіздерді қорғаушысы, құтқарушысы ретінде қабылдайды, сондықтан сіздердің өз-өздеріңізді ұстай алуларыңыз өте маңызды, - деді психолог Жұлдызай Әлиева.
Еске салайық, 4 наурызда Алматыда 5 балл жер сілкінісі болғаны айтылды. Жер сілкінісі кезінде не істеу керек?
Алматы әкімі Ерболат Досаев жер сілкінісі бойынша жедел штаб жиналысын өткізді. Ал Алматыда тағы да жер сілкінісінің афтершогы қайталану қаупі бар. Бұл туралы қалалық ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев мәлімдеді.
Сондай-ақ, жер сілкінісіне байланысты мектеп оқушылары мен студенттер сабақтан босатылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!