Университеттен қымбат: Алматыда жекеменшік мектептерде оқу қанша тұрады?

Университеттен қымбат: Алматыда жекеменшік мектептерде оқу қанша тұрады?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қалалық жерлерде тұратын кейбір ата-аналар балаларын жеке меншік мектептерге беруді құп көреді. Massaget.kz тілшісі Алматыдағы жеке меншік мектептер санын анықтап, олардағы оқу ақысы қандай екенін салыстырып көрді.

Жеке меншік мектептер ішінде жиі айтылатынының бірі - Haileybury Almaty. Haileybury Almaty мектебі Есентай өзенінің жағасында, Тянь-Шань тауларының етегінде, "Сұңқар" халықаралық шаңғы кешенінің маңында орналасқан.

haileybury.kz

Ал мектептің ресми сайтында биылғы оқу жылына арналған оқу бағасы көрсетіліпті. Мұнда баланы тіркеу жарнасы - 45 мың теңге. Мектепте 13-сыныпқа дейін оқытады.

Мектептің ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, оқу ақысына ыстық тағам мен жеңіл тағам (таңғы ас, тіскебасар, түскі ас, жеңіл тағам), үйірмелер (басқа компания мамандары жүргізетін үйірмелерді және жеке музыка сабақтарын қоспағанда); академиялық оқу және тәрбие жұмысы, оқу жылы бойы қолдау көрсету;
кеңсе тауарлары мен дәптерлер; EAL (ағылшын тілін қосымша тіл ретінде) сабақтары/ағылшын академиясында оқыту; қауіпсіз оқу ортасында күзет және медициналық пункт қызметтері кіретіні айтылған.

Сонымен, бұл мектепте 2023-2024 оқу жылында бір баланы оқыту 6 миллион теңгеден басталады. Баға 13 миллион 900 теңгеге дейін жетеді. 

Келесі жеке меншік мектеп - Мирас. Мұнда балалар 3 саты бойынша 11-сыныпқа дейін оқытылады.

 

Бұл мектепте 1-4-сыныптарға арналған оқу ақысы айына 450 мың теңге болса, 5-11-сыныптарға 400 мың теңге. Демек, бір жылдық оқу бағасы 4 миллионнан асады. Ал мектепке түсушілерге арналған жарнасы - 420 мың теңге.

Алматыда орналасқан жеке меншік мектептердің бірі 1998 жылы негізі қаланған - Tamos Education. Бұл мектепте биылғы оқу бағасы 1 миллион 600 мың теңгеден басталады. Ең қымбаты 6 миллионға дейін жетеді.

 

Сондай-ақ, 0-4-сыныптар арасындағы 3 мезгіл тамақ ақысы жылына 500 мың теңге болса, 5-11-сыныптар арасындағы 3 мезгіл тамақ 540 мың теңге тұрады. Ал мектепке тасымалдау құны айына 42 мыңға дейін жетеді екен.

Тағы бір жеке меншік мектеп - Galaxy халықаралық мектебі. Мектептің ресми сайтына сүйенсек, Кембридж халықаралық оқу бағдарламаларына негізделген. Бұл мектепте 12 сыныпқа дейін бар.

Ал бұл мектептегі оқу құны бір жылға 4 миллион теңге болады. Одан бөлек, тамақ, мектеп формасы, т.с.с. секілді қосымша шығындар бар. Мәселен, алғашқы жарна - 400 мың теңге.

Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, қалада осындай 99 жекеменшік мектеп тіркелген екен. Ал біреуі биыл жабылып қалған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова