Университетте кредит тәсілімен оқыған қанша адам әлі қарызын қайтармады?

Университетте кредит тәсілімен оқыған қанша адам әлі қарызын қайтармады?
Фото: midjourney

Қазақстанда 19 жыл бұрын жоғары оқу орнында "кредит" тәсілімен білім алғандар бар. Ғылым және жоғары білім министрлігі Massaget.kz тілшісі жолдаған ресми сауалға жауапта қанша адам осы кредитті қайтармағанын айтты.

Ресми жауапқа сүйенсек, Қазақстанда 1999 жылдан бастап 2005 жылға дейінгі аралықта жоғары кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау мақсатында "несиелендіру жүйесі" жұмыс істеген.

Кредит беру бағдарламасы қолданыста болған 1999 жылдан 2005 жылға дейінгі аралықта 58 314 cтудент қарыз алған.

"Бүгінде 58 314 адамның 56 464-і кредитті республикалық бюджетке қайтарды. Қалған 1 850 қарыз алушыға қатысты талап-арыз жұмыстары өткізіліп, сот шешімдері шығып, сот орындаушылар арқылы қарыз өндіріліп жатыр", - деп жазылған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің Massaget.kz-ке жауабында. 

Айта кетейік, қазір Қазақстанда мемлекеттік гранттар бөлінеді. Биылғы гранттың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген.

Мемлекеттік грант республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалады. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, ҚР Жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. 

Еске салайық, бұған дейін 2024-2025 оқу жылына арналған гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан аса  талапкер құжат тапсырғаны хабарланды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. 

Биыл бір орынға ең үлкен конкурс "Стоматология" мамандығы бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 35 талапкер бір орынға таласты. Одан кейін "Халықаралық қатынастар және дипломатия" (11 адам), "Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау" (10 адам), "Аударма ісі" және "Психология" (9 адам) секілді мамандықтар тұр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова