- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- «Универсиада-2017» дирекциясы ақша...
«Универсиада-2017» дирекциясы ақша үнемдеуде Италия тәжірибесіне сүйенбек
Милан қаласында 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада дирекциясының басшысы Наиль Нуров халықаралық студенттер жарысын ұйымдастыру мәселелері бойынша 2013 жылғы қысқы Универсиаданы ұйымдастыру комитетінің бас хатшысы Филиппо Баззанелламен кездесті, деп хабарлады "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.
Еске сала кетейік, 2013 жылы қысқы Универсиада Италияның Тренто қаласында өтті. Жарысқа әлемнің 700 университетінің өкілдері қатысқан болатын. 51 елден 1 700-ден астам студент, 12 спорт түрінде сайысқа түсіп, ойындар Тренто қаласының 12 провинциясында өткізілген еді. «2013 жылғы Универсиаданың операциялық бюджеті 5 млн. 125 мың еуро.
Аталған бюджет қысқы Универсиадалар тарихындағы ең үнемді болған. Универсиаданы ұйымдастыру комитеті үшін Трентоның тәжірибесі өте маңызды. Әсіресе, шығынды тиімді жұмсауын үлгі етуіміз керек. Ақшаны үнемдеп-ақ, жарысты жоғары деңгейде өткізуге болады. Осы орайда, Трентоның тәжірибесі біздерге Универсиаданы аса қымбат емес етіп өткізуге көмектесуі керек», - деді Дирекция жетекшісі Наиль Нуров.
«Универсиада-2017» дирекциясынан хабарлағандай, өз кезегінде Ф.Баззанелла Алматыдағы Универсиадаға дайындық Халықаралық студенттер спорты федерациясының барлық талабы бойынша жоғарғы деңгейде өтіп жатқанын айтқан.
«Мен, Алматы қаласының FISU тариындағы ең үздік Универсиаданы өткізетініне сенімдімін. Өйткені, қыркүйек айында дәстүрлі делегация басшыларының кездесуінің өзін жоғары деңгейде өткізді. Алматыдағы қысқы Универсиаданы өткізуде кәсіби мамандардан құралған топ жұмыс істеуде. Бұл жарыс сіздердің қалаларыңызда студенттік спорттың дамуына серпін беретініне сенімдімін», - деді Филиппо Баззанелла.Мысал ретінде ол, Италия қаласы Туринді де атап өтті.
Бұл қалада 2006 жылы қысқы Олимпиада ойындары өткен. Артынша 1 жылдан соң, қысқы Универсиада ойындарын қабылдады. Осының арқасында, спорт аталымы бойынша Турин мен Трентиноға оқуға келген шетелдік студенттердің саны 10 есеге артқан.
Кездесу барысында қос тарап, көлікпен қамтамасыз ету, тамақтану, Ойындарды басқару орталығының жұмысын, жарыстың ашылуы мен жабылу салтанатын ұйымдастыру, мәдени Универсиада тақырыбында әңгіме өрбітті.
Анықтама: қазандағы мәліметтерге сәйкес, Алматыдағы қысқы Универсиадаға Италия ұлттық студенттер спорты федерациясынан 66 қатысушының өтініші түскен. Олардың 45-і студент-спортшылар екен.
Алмас Мұқашұлы
Б. Қанатұлы