- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үңгірдегі ұлтшылдық". Дәурен...
"Үңгірдегі ұлтшылдық". Дәурен Абаев бұған дейінгі қызметтерінде қандай мәлімдемесімен есте қалды?
Бүгін Дәурен Абаев Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Абаев бұған дейін бірнеше түрлі қызмет атқарған болатын. Дәурен Абаев бұған дейінгі қызметтерінде несімен есте қалды? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Сурдлимпиадашымен сот
Былтыр 5 желтоқсанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен 2022 жылғы Сурдлимпиада чемпионы Еркебұлан Қанафин арасындағы дауға қатысты шешім шығарған болатын. Ол шешімге сәйкес, министрлік 2020 жылғы 27 наурыздағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген мөлшердегі ақшалай ынталандыру төлемін Еркебұлан Қанафинге төлеуге міндетті.
Артынша бұл жайтқа қатысты сол кездегі мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пікір білдірген болатын. Ол жарыстардағы жеңіс үшін ақшалай ынталандыру төлемі - заңнамамен және арнаулы регламентпен реттелетін стандартты процедура екенін айтты. Ал Еркебұлан Қанафинді ақшалай ынталандыру бұл ережеге қарама-қайшы келген.
"Ол дзюдодан ұлттық сурдлимпиада құрамасының мүшесі емес. Ол құрамамен оқу-жаттығу жиынынан да, жан-жақты медициналық тексеруден де, Ұлттық антидопинг орталығынан допинг бақылауынан да өткен жоқ", - деп жазды Абаев.
Оның сөзінше, Ұлттық сурдлимпиада комитеті спортшыны жарысқа барлық ережеден айналып өтіп және өкілетті органның келісімінсіз апарған.
"Еуразия" кинофестиваліне қатысты мәселе
Былтыр желтоқсанда журналист Михаил Козачков "Еуразия" кинофестивалінің өтуіне 450 миллион теңге бөлінгеніне наразы болған еді.
"Алдымен айта кетерім - оған дейінгі фестивальге 900 миллион теңге бөлінген. Яғни біз шығынды екі есе азайттық. Сонымен қатар, фестивальдің жүйелі түрде өткізілмеуі халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының аккредитациясын жоғалтуы мүмкін.
Әрине, мен мәдениетті қалдық принципі бойынша қаржыландыратын тәсілге қарсымын. Елде көптеген проблемалар бар екені түсінікті, бірақ бұл салаға көптеген адамдарға қарағанда әлдеқайда көп пайда әкелетін ірі мәдени іс-шараларды өткізу қажеттілігін жоймайды", - деген еді Дәурен Абаев.
Тіл дауы
Дәурен Абаев Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары қызметінде болған кезде тіл мәселесіне қатысты дау шықты. Ол "Ашық диалог" бағдарламасындағы сұхбатында мемлекеттік мекемелер мен дүкендерде қазақша қызмет көрсетуді сұрап жүргендер ісін "үңгірдегі ұлтшылдық" деп атады.
"Бұл дұрыс емес, оған еш жол беруге болмайды. Халықтың көбі ондай "үңгірдегі ұлтшылдықты" қолдамайды. Өкінішке қарай, мұндай нәрсе бүкіл әлемде болып тұрады. Алайда бұл мемлекет оларды қолдайды деген сөз емес. Қазақстанда халықтың 90 пайызы орысша біледі. Менің ойымша, бұл Ресей мен Беларусьті есептемегенде әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі", - деді Абаев.
Дәурен Абаевтың бұл мәлімдемесе Желіде қызу талқыға түсті.
"Еліміздің бас идеологі Абаев бізді үңгірге бір-ақ тыққан ба? Халық осылай "жабайы түрде" ұлттың тілін талап етіп жүргеніне ең бірінші осы үңгірді басқаратындар кінәлі! Отыз жыл бойы "қазақ тілі" мәртебесін көтере алмадық. Көгілдір экранның жын-ойнаққа толы, ұлтыңның тіл мәртебесін көтеретін танымдық 20 минуттық бағдарламаң жоқ!
"Қалаулым", "Қосылайық" сияқты шаш жұлысып, төбелесіп жатқан бағдарламалар экран бетінен неге түспейді деп ойлап жүрсем, біз сияқты үңгірде тұратын жабайы халыққа арналған екен ғой. Абаев 90 пайыз деген статистиканы қайдан алды екен? Ресейге жалпақтаймын деп өз халқын үңгірге бір-ақ тығу, бұдан өткен қорлық жоқ шығар! Елдің басында мынандай үңгір басқарғыштар тұрғанда қазақ тілінің мәртебесі түгілі, ұлттың мәртебесі ұлтарақ болып тұр!", - деп жазды Айгүл Орынбек желіде.
"Жабайы ұлтшылдық билік пен тіл заңы тірлік етпегенде көшеге шығады. Өз тілін білмейтін елдің 90 пайыз шет тілін білуі - Тәуелсіздік мүддесіне қарсылық", - деп жазды журналист, депутат Қазыбек Иса.
Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дәурен Абаевты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындаған болатын. Бұған дейін Абаев түрлі қызмет атқарған. Кейінгі жылдары, оның ішінде, 2022 жылы 11 қаңтарда ҚР Мәдениет және спорт министрі болған, ал 2023 жылдың наурызында ТМД Бас хатшысының орынбасары болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина