- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үнемі үреймен жүреміз"....
"Үнемі үреймен жүреміз". Алматы облысының тұрғындары 26 жылдан бері жолға жарымай келеді
Алматы облысы Азат ауылының тұрғындары балаларын мектеп жіберуге қорқады. Себебі су толған көшемен жүруге адам түгілі, темір техниканың өзінің қауқары жете бермейді. Ол аз десеңіз таудан ылдилай аққан ағын су да Түркістан көшесінің бойымен ағып жатыр. Ауызы ашық жатқан арық суына "балаларымыз ағып кете ме" деп алаңдайды жұрт. Ен далаға ел қонғалы бері бұл көшеге жарытып жол салынбапты. Ал жауаптылар жол мәселесін былай қойғанда ауыл халқының жағдайын сұрауға да бас сұқпайтын көрінеді. Massaget.kz тілшісі мәселені зерттеп көрді.
Ауылдың аты Азат болғанымен бұқараның көрген күні азап болып тұр. 26 жыл тұрған ауыл тұрғындары ширек ғасырдан бері "жолдың күйі осындай" дейді. Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай емес, жыл он екі ай мәселесі бітпейтін жолдың кесірінен балалар сабаққа, үлкендер жұмысқа жете алмай әлек.
"Күзде балшыққа, көктемде лай суға "шомыламыз". Ұлдарыма күнде мектепке барып келу қиын. Кейде батпаққа жығылып, үстіміздің быт-шыты шығады. Қайта келіп, киімді ауыстыратын күндер де аз емес. Соның кесірінен кешігіп, сөгіс естіген күндеріміз болды. Суғаруға арналған каналдар бар, беті ашық. Балаларды еркін далаға шығара алмаймын. "Каналға түсіп кетіп, суға ағып кетсе қайтемін?" деп үнемі үреймен жүреміз. Қаншама итті құтқара алмай, көзімізше ағып кеткен. Жарықшамдар атымен жоқ. Түнде үлкен ойықтарды көрмей, өзіміз де түсіп кететін кездер болады", - дейді ауыл тұрғыны.
Жергілікті жерде жалғанды жалпағынан басқан жауаптылар жол азабын көрген ағайынның мәселесін тыңдауға келмеген. Әкімдіктен қайыр болмаған соң өздері жамап жасқапты. Алайда бұл әрекеттері еленбей тұр.
"Өзіміз ақша жинап тас, құм төсеттік. Бірақ оның бәрі тез сіңіп кетіп жатыр. Үлкен балам балабақшаға барады. Апарып алып келетін көлік келмейді. Көшенің басына дейін 500 метр балшықпен жүріп шығарып салуым керек. Жаңбыр жауған күні балаларға арналған арба да жүрмейді. Батпақпен жүрген сайын арбалар да шыдамайды. 2-3 арба ауыстырып тастадық. Бұл жерде негізінен қариялар мен кішкентай баласы бар жас отбасылар тұрады. Шағымымызды қанша айтсақ та әкімдіктен 4 жылда жағдайымызды сұрап бір адам келген жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Айдана Сағыныш.
Түркістан көшесі Талғар мен Еңбекшіқазақ аудандарының шекарасы бөлінген жер. Баспанасы бір қарыс жерде орналасқан үйлердің алдына тақтайдай тас жол төселіпті. Себебі Талғар ауданына кіреді екен. Ал Еңбекшідегі елдің кешкен күйі осы. Былтыр Ноғайбаев көшесіне тас жол төселгенде жауаптылар "Біздің ауданға кірмейсіздер" деп қалыс қалдырыпты.
Ал жауаптылар 30 үйде 140 адам тұратын Түркістан көшесіне биыл жол салынбайтынын кесіп айтты.
"Қазіргі таңда Азат ауылы бойынша аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ауылдың ауыз суы құбырларын ауыстыруға жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Алдағы жылдары бюджеттен қаражат бөлініп, ауыз су құбырларын ауыстыру жұмыстары аяқталғаннан кейін көшелерге асфальт негізін төсеу бойынша жоспар жасалады. 2024 жылға аталған көшеге орта жөндеу жұмыстарын жасау жоспарда жоқ", - делінген хабарламада.
Азат ауылында жалпы саны 14 көше болса, оның төртеуіне ғана жартылай асфальт төселіпті. Ақпаратқа сенсек жолға жарымаған Азат ауылының тұрғындары әлі 2 жыл азап кешетін түрі бар.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов