- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үнемі саусақтарыңызды сықырлатсаңыз...
Үнемі саусақтарыңызды сықырлатсаңыз не болады?
Айналаңызда үнемі саусағын сықырлатып жүретін адамдар бар шығар. Кейбір адамдар саусақ сықырлату зиян десе, енді бірі бұл түсінікті жоққа шығарады. Бұл әдеттің денсаулыққа тигізер қаупі бар ма? Саусақ сықырлатқан кезде шығатын дыбыс дабыл қоңырауы болуы мүмкін бе? Бұл сұрақтарға невролог Жан Шоломицкий жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі doctorpiter-ге сілтеме жасап.
Дәрігер Жан Шоломицкийдің айтуынша, саусақ сықырлатқанда шығатын дыбыс пен буын ауруының арасында ешқандай байланыс жоқ.
"Әрине үнемі саусақтарды сықырлату арқылы буын мен байламдарды қозғау кері әсерін беретін сияқты көрінуі мүмкін. Мұндай жағдай шынымен де бар, бірақ өте сирек. Сондықтан егер саусақтарыңызды қатты сықырлатқыңыз келіп, ешқандай ауырсыну, қабыну, шектеу болмаса, медициналық тұрғыдан қарсылық жоқ", - деп жауап берді ол.
Саусақтарды сықырлатқанда неліктен дыбыс шығады?
"Саусақтарды сықырлатқанда дыбыс әр буындағы синовиальды сұйықтықта ауа көпіршіктері жарылғандықтан шығады. Бұл медицинада кавитация деп аталады. Ол ағзаға ешқандай зиян келтірмейді. Алайда, дыбыстың зияны болмағанымен, буынның шамадан тыс жұмылдырылуы қауіп төндіруі мүмкін. Мысалы, егер бұған дейін жұмсақ тіндер зақымдалып, сынып немесе сүйек құрылымдары зақымдалған болса, сықырлатудың өзі жарақат алуға әкеп соқтыруы мүмкін", - дейді маман.
Егер буын ісіген, қызған, түсі өзгерген немесе қан кетіп тұрса, сықырлату өте қауіпті. Дәрігерге ұзақ уақыт бармай жүре берсеңіз, буынның қозғалғыштығын жоғалтуыңыз мүмкін.
Дәрігер, егер сүйегіңіз кішкене жарылған болса, рентгенге жарақат алғаннан кейін бірден түссеңіз жарық көрінбеуі мүмкін екенін ескертті. Жарық кейде екінші не үшінші күні ғана көрінеді.
Адамдар неліктен саусағын сықырлатады?
"Адамдардың неліктен саусағын сықырлататынын білгім келіп, маған келетін науқастардың арасында кішігірім сауалнама жүргіздім. Нәтижесінде, мәселенің психологияда екенін түсіндім. Адам қобалжыған кезде саусақтарын сықырлату арқылы кернеуді механикалық әрекетке тастайды. Бұл жақсы әдет емес. Мен невропатолог ретінде ұйқы режимін дұрыстап, тыныс алу жаттығуын жасауға және магний ішуге кеңес беремін. Бұл жүйке жүйесіне пайдалы әсер етеді", - дейді Жан Шоломицкий.
Айта кетейік, бұған дейін саусақ сүйегін сықырлату қаншалық зиян екені хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақстанда қанша қорық бар?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә