British Airways әуекомпаниясы Үндістанның Хайдарабад қаласынан Лондонның Хитроу әуежайына бағыт алған BA276 рейсінде болған оқиғадан кейін ішкі тергеуді бастады. Ұшу кезінде үш ұшқыштан тамақтан улану белгілері байқалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
NDTV мәліметінше, ұшқыштардың бірі өзін нашар сезінгені соншалық - өз міндетін атқара алмаған. Бортта оған оттегі берілген, ал ұшақ Лондонға қонғаннан кейін ұшқышқа медициналық көмек қажет болған.
Қалған екі ұшқыштың да денсаулығы сыр берген. Ұшу барысында олардың жағдайы нашарлай түскен, бірақ олар рейс аяқталғанға дейін өз міндетін атқарып шыққан.
British Airways жолаушылардың қауіпсіздігіне ешқандай қатер төнбегенін мәлімдеді.
Алдын ала мәлімет бойынша ұшар алдында үш ұшқыш та Хайдарабадтағы қонақүйде бірге таңғы ас ішкен. Сонымен қатар, олар сыртқы компания жеткізген бөтелкедегі суды ішкен.
Оқиғадан кейін үш ұшқыш та авиациялық қауіпсіздік бойынша есеп берді. Сондай-ақ, олардан сынамалар алынған.
Әуекомпания қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, құзыретті қызметтер тамақтан улануға нақты не себеп болуы мүмкін екенін анықтап жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз