Үндістанда тарап жатқан қауіпті вирус: Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады

Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру, оны ел аумағына әкелу дерегі тіркелмеген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрліктің мәлімдемесі

Ведомство мәліметінше, қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда.

"Денсаулық сақтау министрлігі профилактика мақсатында және Үндістандағы Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты мемлекеттік шекара арқылы барлық өткізу бекетінде санитария-карантин бақылауын күшейтті. Үндістаннан және ауру тіркелген Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа елдерінен келген адамдарға ерекше назар аударылады. Осы инфекция бойынша қолайсыз елдердің тізімі тұрақты түрде қайта қаралады және жаңартылады", - деп жазылған хабарламада.

Медициналық ұйымдар барлық жағдайға дайын екені айтылды.

"Шұғыл медициналық көмек және инфекциялық стационарлар бригадалары дайын, дәрілер, жеке қорғаныс, дезинфекциялау құралдарының қоры бар", - деп жазылған хабарламада.

Азаматтарға кеңес

Министрлік эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтауды, елге келгеннен кейін ауру белгілері пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгінуді ұсынды.

Нипах вирусы туралы не белгілі?

Нипах вирусы зооноз инфекцияға жатады. Ол адамға жануарлардан, соның ішінде жарқанаттар мен шошқалардан, ауру жұқтырған адаммен тығыз байланыстан жұғады. Ластанған тағамдар мен сусындар арқылы да берілуі мүмкін.

Ауру жоғары температура, бас ауруы, жалпы әлсіздік, ал ауыр жағдайларда орталық нерв жүйесі зақымдалуы және пневмония арқылы көрінеді. Бүгінде Нипах вирусына қарсы арнайы ем және мақұлданған вакцина жоқ. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!