Үндістанда пойыз апатынан қаза тапқандар саны 288-ге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Мыңға тарта жан жараланған. Алдын ала мәлімет бойынша, "Шалимар-Коромандель" бағытында келе жатқан жүрдек пойыздың бірнеше вагоны рельстен шығып, басқа жолмен келе жатқан пойызбен соқтығысады.
Әзірге апатқа не себеп болғаны белгісіз. Қазір оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр. Билік өкілдерінің айтуынша, опат болғандар саны әлі де артуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиге көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын. Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Нарендра Модиге және Үндістан халқына теміржол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!