Үндістан астанасында ауаның ластануы кейбір мектептің жабылуына себеп болды. Нью-Дели билігі елордалық оқу орындарының бастауыш сынып оқушылары қауіпсіздік мақсатында үйде отыруы керек деп мәлімдеді. Шенеуніктер қоғамдық көлікті шектеу мәселесін де қарастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Aussiedlerbote.de сайтына сілтеме жасап.
Орталық ластануды бақылау басқармасының мәліметінше, ауа сапасының индексі қауіпті санаттан асқан. Сарапшылар айтуынша, барлық бақылау бекетінде ауада зиян заттар көп екені анықталды.
Билік мектептердегі бастауыш сыныптардағы сабақтарды тоқтатуға, сондай-ақ, орта және жоғары сыныптағы оқушыларға сабақты сыртта жүргізуге тыйым салуға шешім қабылдады. Елорданың шет аймақтары бастауыш сынып оқушыларын уақытша қашықтықтан оқытуға көшіргені хабарланды.
Алайда елордалық мектептерді жабу туралы шешім ата-аналардың шағымдарынан кейін қабылданды. Сонымен қатар, экологтар ауа ластануының балаларға тигізетін зияны туралы хабардар ету үшін әлеуметтік желілерде жазбалар жариялады. Мысалы, эколог Вимленд Жа Twitter-де Нью-Дели билігін мәселеге дереу назар аударуға шақырды.
Шенеуніктердің айтуынша, қала жақын арада көлік қозғалысын шектеу мәселесін де қарастырады. Тіпті, билік елордаға азық-түлік пен тұрмыстық тауарлар таситын дизель көліктерге де тыйым салып қойған.
Айта кетейік, Нью-Дели бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең лас астана болды. Сондай-ақ, Үндістанның ешбір қаласы ауа сапасының халықаралық стандарттарына сай емес.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!