Пәкістан мен Үндістан арасындағы шиеленіс туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Пәкістан мен Үндістан арасындағы әуе шабуылы кейінгі кездегі авиация тарихындағы ең ауқымды әрі ұзаққа созылған шабуылдардың бірі болды.
CNN мәліметінше, ұрысқа 125 жойғыш ұшақ қатысқан, ол бір сағаттан аса уақытқа созылған. Осы уақыт ішінде тараптардың ешқайсы өздерінің әуе кеңістігінен шықпаған.
Әуе қақтығысы кезінде Үндістанның бес ұшағы атып түсірілген.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин жағдайға пікір білдірді.
Air Astana әуекомпаниясы 8 мамырдан бастап Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша рейстерді тоқтатты. Мұның себебі Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігі жабылуы болды. Әуекомпания бұл рейстердің жолаушыларына билеттердің толық құны қайтарылатынын мәлімдеді.
СІМ өкілінің айтуынша, Air Astana Қазақстан азаматтарын Отанына тасымалдау мәселесін өз бетінше пысықтап жатыр.
"Бұл - саяси емес, таза экономикалық мәселе. Үндістанның әуе кеңістігі жабық емес, Пәкістан Үндістанның әуе кемелері үшін әуе кеңістігін жауып тастады. Сондықтан Air Astana азаматтарды тасымалдайтын жол табуға тиіс. Билеттер сатып алынып қойған. ...Олар қазір адамдарды қандай жолдармен тасымалдауға болатынын зерттеп жатыр. Эвакуация туралы сөз болып отырған жоқ", - деді ол Сенат дәлізінде.
Министрдің орынбасары министрлік қазақстандықтарды эвакуациялау мәселесін қарастырып жатпағанын мәлімдеді, өйткені "қазір мұндай қажеттілік жоқ".
"Делиде соғыс болып жатқан жоқ, әуе кеңістігі ашық. (...) Азаматтарымызға қауіп төніп тұрғаны белгілі болған кезде эвакуация мәселесі туындайды. Әзірге мұндай жағдай байқалмады", - деді ол.
Ведомство өкілі қазір Үндістан мен Пәкістанда қанша қазақстандық барын айтпады. Алайда, оның айтуынша, Пәкістанда қазақстандықтар көп.
Еске салайық, бұған дейін Үндістан мен Пәкістан соғыс алдында тұрғаны хабарланды. Пәкістанға жасалған алғашқы зымыран соққысынан кейін екі тарап та бейбіт тұрғындар арасынан құрбандар барын хабарлады. Дели жаңа шабуылдар жасалуы мүмкін екенін мәлімдеді, ал Исламабад оларға жауап беруге уәде етті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!