Үндістан мен Қазақстан астаналары арасында жаңа маршруттың іске қосылатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Көлік министрлігі ұшу географиясын кеңейту және еліміздің әуе тасымалдар нарығындағы шетелдік "лоу-кост" әуе компаниялардың үлесін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
5 ақпанда Қазақстанның авиациялық билігі Астана қаласының халықаралық әуежайы өкілдерінің қатысуымен Indigo Үнді "лоу-кост" әуе компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.
"Биылғы жылдың 14 мамырынан бастап Indigo әуе компаниясы Астана - Дели бағыты бойынша жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Рейстер A-320/321 типті әуе кемелерінде аптасына 3 рет жиілікпен орындалады. Қазақстан мен Үндістан астаналары арасында тікелей рейстің ашылуы елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және елдің транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал ететін болады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар бұған дейін хабарланғандай, "Эйр Астана" қазақстандық әуе компаниясы осы жылдың 20 сәуірінен бастап Airbus үлгісіндегі әуе кемесінде аптасына 3 рет жиілікпен Алматы - Мумбай бағыты бойынша Үндістанға рейстер ашады.
Жалпы, көктемгі-жазғы навигация кезеңінде елдер арасындағы жолаушылар рейстерінің 5 әуе бағыты бойынша аптасына 24 рейске дейін ұлғаюы күтіліп отыр.
Қазіргі уақытта тұрақты әуе қатынасы Алматы - Дели ("Эйр Астана" - аптасына 7 рейс, IndiGo - аптасына 7 рейс), Алматы - Гоа (SCAT - 2), Астана - Гоа (FlyArystan - 2) бағыттары бойынша орындалады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова