Қазір интернет дамыған заманда кез келген жағдай Желіде тарап кетеді. Соның ішінде, зорлық-зомбылық жағдайлары қызу талқыға түседі. Кейде сондай видеолардан зорлық-зомбылықтың куәгерлері еш әрекет етпей, қарап тұрғандарын көруге болады. Ішкі істер министрлігі "Tengri Life"-ке зорлық-зомбылықтың куәгері болған және еш әрекет етпеген адамдар жауапкершілікке тартыла ма деген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қылмыстық кодекс қылмыстық құқық бұзушылықтарды, соның ішінде зорлық-зомбылық әрекеттерін олардың қоғамдық қауіптілігі мен жазалану дәрежесіне қарай қылмыстарға және қылмыстық теріс қылықтарға бөледі. ҚК-тің 432-бабына сәйкес сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты, сондай-ақ кәмелетке толмағанның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстарды алдын ала уәде етілмеген жасыру үшін жауапкершілік көзделген.
"ҚК-нің 434-бабында кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы дайындалып жатқан немесе жасалған ауыр қылмыс, аса ауыр қылмысты немесе анық дайындалып жатқан терроризм актісі туралы хабарламағаны үшін жауапкершілік көзделеді.
Сондай-ақ, осы бап бойынша қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, сондай-ақ діни қызметшілер оларға сеніп, тәубе еткен адамдардың жасаған қылмыстары туралы хабарламағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды", - деді ведомствода.
ҚК-нің 420-бабында куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары не сотта немесе сотқа дейінгі тергеу барысында сарапшының немесе маманның қорытындысы үшін жауапкершілік көзделген. Бұған аудармашының сол жағдайларда, сондай-ақ атқарушылық құжаттарды орындау кезінде жасаған көрінеу қате аудармасы да жатады.
Егер адам өзінің жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы жасаған қылмыс туралы хабарламаса, ерекше жағдайлар қарастырылған, деп атап өтті ІІМ.
"Куәгерлер полиция шақырып, қажет болған жағдайда жедел медициналық көмек шақыруы және алғашқы медициналық көмек көрсетуі керек. Зорлық-зомбылық куәгерлерінің әрекетсіздігі фактісін анықтау үшін полиция арызды, сондай-ақ онда көрсетілген дәлелдерді сотқа дейінгі тергеу шеңберінде қарайды", - деді ведомствода.
Зорлық-зомбылық куәгерлерін жауапқа тарту үшін полицейлерде зардап шеккен адамдардан өтініш болуы керек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз