"Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына "Амур" есімді аталық жолбарыс жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жыртқыш атанды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
"Амур" Қазақстанға жеткізілгеннен кейін арнайы жабдықталған қоршауда бейімделуден өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық қабілетін, өздігінен қорек табуын және адамға қатысты мінез-құлқын тексерді. Сынақ нәтижесінде жолбарыстың табиғи ортада тіршілік етуге дайын екені анықталды.

Жыртқыштың қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін оған спутниктік қарғыбау тағылды.
Бұған дейін, 2026 жылғы 31 шілдеде "Үміт" атты аналық жолбарыс табиғатқа жіберілген болатын. Мамандардың мәліметінше, ол резерват аумағына сәтті бейімделіп, өздігінен аң аулап жүр.

Қазақстанға ересек жолбарыстармен бірге жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында. Олар қажетті жасқа жетіп, ветеринариялық және мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін табиғатқа жіберілуі мүмкін.

Қазақстанның жабайы табиғатында жолбарыстар 70 жылдан астам уақыт бойы кездеспеген. Оларды тарихи мекеніне қайтаруға дайындық ретінде 2018 жылы "Іле-Балқаш" резерваты құрылды. Мұнда табиғи ортаны қалпына келтіру, қоректік жануарлардың санын арттыру және қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – Іле өзенінің атырауы мен Оңтүстік Балқаш өңірінде табиғи жолмен көбейіп, тұрақты тіршілік ете алатын жолбарыстар популяциясын қалыптастыру.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
О. Сансызбай