- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үмбетәлі мектебі 40...
Үмбетәлі мектебі 40 жылдық мерейтойын тойлады
«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге – Кенен, су жорға Үмбетәлі қара дөнен» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай қазақы қара өлеңді, төгілген ән мен жырды ғұмырына серік қылған марқасқа ақындардың қатарында бұл үшеудің орны бөлек. Жырдың алыбы әйгілі Жамбылдың мектебінен өткен Кенен мен Үмбетәлі жасынан ақындық қырымен елге танылып, қан ғасырдың оқиғаларын жырға айналдырды. Кенен өз алдына жеке тақырып, бұл мақаланы жырдың қара жорғасы Үмбетәлі Кәрібаев өмірімен, шығармашылығымен байланыстырып бастамақпыз. Жасынан өлең-жырға құмар боп өскен суырыпсалма ақын, жыршы, Қазақ КСР-нің халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Тәуелсіздікке қол жеткелі ақынның туып-өскен бұрынғы Киров ауылы Үмбетәлі Кәрібаев ауылы деп ауыстырылды. Бірлігі жарасқан бұл мекен елге қызмет қылған бабалардың, аталардың атын өшірмеу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырады. Сондай жиылыстың бірі ұстаздар мерекесі мен қарттар күнінің қарсаңында өтті.
Үмбетәлі Кәрібаев ауылы Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 5 км қашықтықта орналасқан. Шолаққарғалы ауылдық округінің орталығы саналатын мекенде бүгінде 3000 мыңға жуық адам тұрады. Қазіргі кезде ақын тұрған ауыл, бір көше, жеке шаруашылық серіктестігі, Республикалық дәрежедегі мемориалды музей және ауыл мектебі Үмбетәлі атымен аталады. Күні кеше дәл осы Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектептің 40 жылдық мерейтойы аталып өтілді.
Білім ордасының тарихы негізінде 1930 жылдардан бастау алады. Алайда бүгінгі мектептің ғимараты 1978 жылы салынып, толық 10 жылдық білім беретін мекеме ретінде жұмысын бастады. 2002 жылдан бастап мектеп директоры қызметінде отырған Асымханова Оксана Тастанқызының айтуы бойынша, мектеп ұжымы облыстық, республикалық жарыстарда жыл сайын үздіктер қатарына ілігеді.
– Бүгінде мектебімізде 678 оқушы білім алып жатыр. Ұстаздар құрамы – 57. Оқу орны 2014 жылы күрделі жөндеуден өтті. Мектеп ұстаздарының, оқушылардың жетістіктері жетерлік. Соның бірі, жақында ғана мектебіміздің химия пәнінің мұғалімі Баймұратова Зарема Мәженқызы Республикалық «Үздік педагог» байқауында бас жүлдеге ие болды, - деді Оксана Тастанқызы.
Мектеп ұжымы осы ұядан түлеп ұшқан түлектерді құшақ жая қарсы алып, арнайы мерекелік кеш ұйымдастырды. Білім ордасының алғашқы түлектері 1988 жылы оқуды аяқтапты. 30 жылдық, 20 жылдық мерейтойға жиналған шәкірттер де құр алақан келмеген. Мектептің акт залына «Өзіңде өсіп көктедім, сүйікті менің мектебім» атты стенд түлектер атынан сыйлыққа тартылды.
Шара барысында Үмбетәлі Кәрібаевтың тікелей ұрпағы Үмбеталина Әлия Үмбетәліқызының атындағы математика сыныбы ашылды. Оқушыларға арналған бұл сынып заманауи құрылғылармен жабдықталған. Айта кету керек, мектепті техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуде қамқоршылық кеңес мүшелері де бір кісідей жұмыс атқарып келеді.
Жоғарыда айтып өткендей бұл мекенде Үмбетәлі Кәрібаев атындағы Республикалық әдеби-мемориалды мұражай бар. Ақынның өзі тұрған шаңырағын музейге айналдыруды ұйымдастырып, осы жұмыстың жүзеге асуына ықпал жасаған Үмбетәлі мектебінің ұстаздары. 1949 жылы қабырғасы қаланған бұл үйді музейге айналдыруға Үмбетәлінің ұрпақтары да қолдау білдіріп, ақынның көзі тірісінде өзі тұтынған заттарын, қолжазбаларын, мемлекеттік марапаттары мен куәліктерін мұражайға әкеліп өткізіпті. Бұл жайында Үмбетәлі ақынның немересі және мұражайдың бүгінгі директоры Әуелбек Ысқақов айтып берді:
– Жамбыл ауданын ақындар мен батырлар мекені деп бекер айтпайды. Бүгінде ауданда ақиық ақын Сүйінбайдың, жыр алыбы Жамбылдың және жырдың қара жорғасы атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалды музейлері жұмыс істеп тұр. Соның ішінде, Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мұражай жайында айтар болсақ, бұл музей ақынның 100 жылдығының қарсаңында ашылды. Үлкен музейдің толық қолға алынып, жұмысын бастауына сол кездегі Қазақстан Компартиясының үшінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков ықпал жасады. Бүгінде музейдің негізгі қорында 2556, қосымша қорда 3400 экспонат бар. Музей әдеби-мемориалды болғандықтан тек 1 ғана адамға арналады. Дегенмен, бұл жерде Үмбетәлінің ұстазы Жамбылдың және Сүйінбайдың экспонаттары да бар. Ақынның жолын жалғастырып, елге пайдасы тиген азаматтардың экспонаттары да музей төрінен орын алған. Ақын мұрасын насихаттау мақсатында әр жыл сайын облыстық деңгейде Үмбетәлі оқуларын ұйымдастырамыз, - дейді Әуелбек Мұсаханұлы.
Ұстаздар күнінің қарсаңында ұйымдастырылған бұл жиынның кезінде Үмбетәлі музейі тағы бір бөліммен толықты. Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің және ұрпақтарының құрметіне арналған бұрыш музей төрінен орын алды.
Ұзақбай Құлымбетов – ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған тұлға. Кеңес кезінде республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына бірден-бір себепкер болған. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған тұста Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті. Ол пленум, конференция, сьездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. Елек тұз өндіру, Ембі мұнай кәсіпорнының қуатын арттыру, мұнай өңдейтін зауыт салу, мал шаруашылығын дамыту, тері өңдеу, тоқыма кәсіпорындарын салу жайында бағдарламалар ұсынған. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болды. Еліне қызмет қылған азамат 1937 жылы қыркүйекте 19 наркоммен бірге қамауға алынып, 1938 жылдың 22 наурызында (47 жасында) «халық жауы» деген жалған жаламен атылды.
Жоғарыда айтылған музейдің жаңа бөліміне Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпағы, ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Болат Қарабалин мен жары Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының бұрышы орналастырылды. Әулетінен ұстаздықты мұрат тұтқан ерлі-зайыпты қос ұстаз Үмбетәлі ауылына 1975 жылы көшіп келеді. Мектепте Болат Жолмұратұлы дене шынықтыру пәнінен, ал Жібек Жанайбекқызы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ бере жүріп, Үмбетәлі ақынның шығармашылығына терең бойлап, ақын турасында зерттей бастайды. Бастапқыда оның шығармашылығын таныту мақсатында сыныпта бұрыш ашылса, кейін мектеп дәлізінде стенд қойылады. Әр жылдары Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі Кәрібаевтың 90 және 100 жылдығына орай салтанатты шаралар ұйымдастыруға белсенді араласады. 80 жылдары Жібек Нөсербаеваның бастамасымен ақынның музей-үйі ашылып, кейін ол мемлекеттік музейге айналды. Мектепте 40 жылдан аса уақыт жұмыс істеген Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі», «Жоғары категориялы мұғалім» атақтарын алады.
Отыз жылдан астам ауыл мектебінде жұмыс істеп, көптеген ұрпаққа білім мен тәрбие берген қос ұстаз 2014 жылы «Жамбыл ауданының құрметті азаматы» атанды. Бұл марапаттың төсбелгісі аудан бойынша тұңғыш рет ерлі-зайыптыларға тағылды. 50 жыл отасып, 3 бала тәрбиелеген ұстаздардың артында 7 немересі, 2 шөбересі қалды. Ел мен жерге елеулі еңбек еткен тұлғалар қашанда халықтың жадында қалары анық. Үмбетәлі ақынның музейіндегі бұл бұрыш өткен ұстаз пен келер шәкірттің арасын байланыстырып тұрмақ.
А. Қажиев