“Ұмай“ ипотекасына өтініш қабылдау бір күнде аяқталды: үлгермегендер не істейді?

Қазақстанда әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау бір күнде аяқталды. Бағдарламаның екінші кезеңіне бөлінген 20 миллиард теңге 3 қарашада толық игерілді. Бұл туралы Отбасы банк мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Өтінімдер қанша уақытта қабылданды?

Өтінім қабылдау 3 қарашада басталды. Сағат 15:00-ге дейін банк жалпы сомасы 12,5 миллиард теңге болатын 524 өтінім қабылдаған. Арада бір сағат өткенде қаржыландыру лимиті толық игеріліп, өтінім беру тоқтатылды.

Бір күн ішінде қазақстандық әйелдерден 20 миллиард теңгеге 850 өтінім түсті. Оның 352-сі Отбасы банк кеңесшілері арқылы берілген.

Өтінімі қабылданған қатысушылар қарыз алуға алдын ала мақұлдау алды. Бұл мақұлдау бір ай бойы жарамды. Осы мерзім ішінде қатысушылар баспана таңдап, оны сатып алуға арналған несиелік өтінімді рәсімдеуі керек.

Сол күні 390 қатысушы жалпы сомасы 9,5 миллиард теңге болатын несиелік өтінім беріп үлгерген.

"Ұмай" бағдарламасы бойынша қандай баспана алуға болады?

"Ұмай" – Отбасы банктің әйел салымшыларына арналған ипотекалық бағдарламасы. Оның аясында дайын жаңа үйлерден және салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен баспана сатып алуға болады.

Құрылысы жүріп жатқан нысанды таңдаған жағдайда құрылыс компаниясында Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе банктік сақтандыру болуы қажет. Бұл талап тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік беруге бағытталған.

Бағдарлама арқылы қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға болады. Алайда таңдалған тұрғын үй 2016 жылдан бұрын салынбауы тиіс.

Сонымен қатар қарыз алушы өзі тұратын баспананы жөндеу үшін де несие рәсімдей алады.

Қатысушыларға қандай талап қойылады?

  • Отбасының ай сайынғы ең жоғары табысы 1 250 000 теңгеден аспауға тиіс;
  • Сатып алынатын немесе жөнделетін баспанада қарыз алушының өзі тұруы қажет;
  • Кейінгі алты айдағы төлем қабілетін растау керек.

Ипотеканың негізгі шарттары қандай?

Бағдарлама бойынша берілетін ипотеканың ең жоғары сомасы – 50 миллион теңге. Тұрғын үйді жөндеуге 15 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.

Қарыздың жылдық мөлшерлемесі – 14,8 пайыз. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3–16,8 пайыз аралығында белгіленген.

Алғашқы жарна ірі қалаларда тұрғын үй құнының 20 пайызынан, ал өңірлерде 15 пайызынан басталады.

Келесі траншқа өтінім беруге бола ма?

"Ұмай" бағдарламасы бойынша бұған дейінгі өтінім қабылдау 2026 жылғы 31 тамызда жүргізілген. Бірінші кезеңге 9 миллиард теңге бөлінді.

3 қарашадағы мәлімет бойынша алғашқы транштың 96 пайызы игерілген. Жалпы сомасы 8,6 миллиард теңге болатын 435 қарыз берілді.

Отбасы банктің хабарлауынша, 3 қарашада өтінім беріп үлгермеген әйелдер қаржыландырудың жаңа траншы бөлінгеннен кейін бағдарламаның келесі кезеңіне қатыса алады. Өтінім қабылдау мерзімі кейінірек жарияланады.