Бүгін, 3 қарашадан бастап "Ұмай" әйелдер ипотекасына өтінім қабылдау басталды. Бұл – Азия даму банкінен бөлінген 20 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш. 2026 жылғы 31 тамызда тоғыз миллиард теңгелік алғашқы транш небәрі жеті сағатта таусылып қалған болатын. Бұл жолы қандай өзгерістер бар екенін баяндаймыз.
1
Өтінімді қалай беруге болады?
Бағдарламаға қатысуы оңай болуы үшін Отбасы банк өтінім қабылдайтын арналарды көбейтті. Енді өтінім беруге үш жол бар.
1
Онлайн
Өтінімді Отбасы банк сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі арқылы немесе банктің Baspana Market маркетплейсіндегі жеке кабинеттен жіберуге болады. Оператор кеңес беріп, сұрақтарға жауап береді және өтінімді онлайн қабылдайды.
Онлайн өтінім беру үшін электрондық құжаттарды ұсынудың өзі жеткілікті.
2
Отбасы банктің кеңесшілері
Банк сайтындағы сілтеме арқылы мамандарды алдын ала таңдауға болады. Таңдағанда кеңесші көрсететін қызметтер тізіміне қараңыз: онда төлем қабілеттілігін алдын ала бағалау және кредитке қажетті құжаттарды қабылдау қызметтері болуы тиіс.
Өтінім қабылдау басталатын күні кеңесші өтінімді бейнебайланыс арқылы да, жақын маңдағы консультациялық орталықта да қабылдай алады. Орталықтың мекенжайын банк сайтынан көруге болады.
3
Банк бөлімшесі
Қажет болса, Отбасы банктің бөлімшесіне барып, өтінімді сол жерде беруге болады.
«Ұмай» бағдарламасының талаптары бұрынғыдай қалды:
14,8 %
кредит бойынша жылдық мөлшерлеме
16,3–16,8 %
жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі
50 млн ₸
қарыздың ең жоғары сомасы
1 250 000 ₸
отбасының орташа айлық таза табысының жоғарғы шегі
6 ай
төлем қабілеттілігін растау үшін қажетті ресми табыс кезеңі
3
Бастапқы жарна қалай есептеледі?
Бастапқы жарнаны қарыз алушы өз қаражатынан сатушыға өзі аударады. Астана мен Алматыда ол сатып алынатын үй құнының кемінде 20%-ын, ал басқа қалаларда кемінде 15%-ын құрайды. Қалған бөлігін Отбасы банк несие ретінде береді.
Есептеу кезінде пәтердің сату бағасы мен бағалау құнының қайсысы аз болса, соны негізге алады.
Мысал: Алматы
Пәтер 32 млн теңгеге сатылып жатыр, ал бағалаушы оны 30 млн теңге деп бағалады делік. Онда несие сомасы аз соманың — 30 млн теңгенің негізінде есептеледі. Банк оның 80%-ын, яғни 24 млн теңгені береді. Қалған 20%-ын — 6 млн теңгені — қарыз алушы өз қаражатынан сатушыға бастапқы жарна ретінде аударады.
Төменде екі нұсқа бойынша есептеу үлгісі берілген:
Астана және Алматы
Сатушының бағасы 30 000 000 ₸
Бағалау (кепілдік) құны 29 000 000 ₸
Қарыздың ең жоғары сомасы (80%) 23 200 000 ₸
Сатушыға төленетін бастапқы жарна 5 800 000 ₸
Қалған өңірлер
Сатушының бағасы 30 000 000 ₸
Бағалау (кепіл) құны 29 000 000 ₸
Қарыздың ең жоғары сомасы (85%) 24 650 000 ₸
Сатушыға төленетін бастапқы жарна 4 350 000 ₸
4
Қандай баспана алуға болады?
Бағдарлама аясында тұрғын үйдің мынадай түрлерін сатып алуға болады:
- ✓ пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үй;
- ✓ салынып жатқан үй — ҚЖК кепілдігі болса немесе сақтандыру құралы қолданылса;
- ✓ 2016 жылдан бұрын салынбаған қайталама тұрғын үй.
Бастапқы тұрғын үйді тек банктің Baspana Market маркетплейсі арқылы таңдап, сатып алуға болады.
Сатып алынған баспана әйелдің атына рәсімделеді. Егер ол некеде тұрса, жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып саналады. Өтінімді некедегі әйел берсе, жұбайы да жеке өзі қатысуы тиіс.
5
Өтінім беруден бұрын тексеретін жеті мәселе
Өтінім қабылдау басталғанға дейін мына жағдайларды анықтап қойған дұрыс:
- 1
Ресми табыс пен кредиттік тарих
Қарызды бекіту үшін соңғы 6 айдағы ресми табысты растап, кредиттік тарихыңыздың оң болуы маңызды. Кредиттік тарих соңғы 12 айдағы деректер бойынша талданады.
- 2
Міндетті зейнетақы жарналары
БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарының уақытылы аударылғанын тексеріңіз. Бұл төлем қабілеттілігін есептегенде табыс көзін ескеруге әсер етеді. Жарналар уақытылы аударылмаса, кредит беруден бас тартылуы мүмкін.
- 3
Берешектер
Салық бойынша берешек пен өсімпұлдың, кредиттер бойынша мерзімі өткен төлемдер мен айыппұлдардың бар-жоғын анықтаңыз.
- 4
Кредиттік есеп
Кредиттік бюродан есеп алып, мерзімі өткен берешектің жоқтығына көз жеткізіңіз. Қолданыстағы кредиттік лимиттер мен кредиттік карталар есепке алынатын табысты азайтып, кредит беру туралы шешімге немесе бекітілетін қарыз сомасына ықпал етуі мүмкін.
- 5
Табыс пен қаржылық міндеттемелер
Төлем қабілеттілігін бағалағанда тек табыс емес, қарыз алушы мен басқа қатысушылардың шығыстары және қолданыстағы қаржылық міндеттемелері де ескеріледі. Сондықтан өз табысыңыз бен міндеттемелеріңізді алдын ала есептеп көріңіз.
- 6
Қосалқы қарыз алушылар
Табыс жеткіліксіз болса, кредитке қосалқы қарыз алушы ретінде қатыса алатын екі адамға дейін алдын ала белгілеп қойған жөн. Олармен бұрын сөйлесіп, келісімін алыңыз. Қосалқы қарыз алушы болып кез келген үшінші тұлға қатыса алады — оның міндетті түрде туысыңыз болуы шарт емес.
- 7
Баспананы алдын ала таңдау
Пәтердің бөлме санын, ауданын және орналасқан жерін бұрынырақ белгілеп, жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаларды зерттеңіз. Бұл баспананың шамамен құнын, қандай кредит қажет болатынын және бастапқы жарнаға қанша қаражат дайындау керектігін түсінуге көмектеседі.
6
Азия даму банкінің қолдауы және алғашқы нәтижелер
Жалпы келісім аясында Азия даму банкі «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін Отбасы банкке 90 млрд теңге бөледі.
90 млрд ₸
Азия даму банкінің жалпы бөлетін қаражаты
420
қазақстандық әйел баспаналы болды
230
қатысушы пәтер іздеп, несие рәсімдеуге дайындалып жатыр
Бірінші транштың басым бөлігі қазір игерілді.