Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нысандарға қойылатын талаптарды күшейтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының қауіпті өндіріске тартылған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа тәсілдер және еңбек қауіпсіздігі саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Кеңеске еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері қатысты.
Премьер-министр өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы бақылау тетігіне ерекше назар аударды.
Айта кетейік, Ұлытаудағы жеті кеншінің қазасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шара қабылдауды тапсырды.
2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.
Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.
2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады.
"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!