• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Ұлытаудағы трагедиядан кейінгі Тоқаевтың тапсырмасы: Үкімет іске көшті

Ұлытаудағы трагедиядан кейінгі Тоқаевтың тапсырмасы: Үкімет іске көшті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үкімет Президенттің тапсырмасы бойынша өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нысандарға қойылатын талаптарды күшейтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының қауіпті өндіріске тартылған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жаңа тәсілдер және еңбек қауіпсіздігі саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Кеңеске еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлері қатысты. 

Енді не өзгереді?

  • Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы аясында нысандарды цифрландыруды ескере отырып, нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралады, өнеркәсіп қауіпсіздігін, ғылымды дамытуды және тиісті орталықтар құруды қамтамасыз ететін нысандарға қойылатын, сондай-ақ, мемлекеттік еңбек инспекторының кадрлық әлеуеті мен құқықтық мәртебесін арттыру жөніндегі талаптар күшейтіледі.
  • Қазір өнеркәсіп қауіпсіздігі бойынша кейбір талаптар қайта қаралып жатыр. Осылайша азаматтық қорғау жөніндегі заң жобасы шеңберінде апаттық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптар қатаңдатылады, тиісті қызметтердің функцияларын беру арқылы өндірістік бақылауға қойылатын жекелеген талаптар күшейтіліп, қауіпті өндірістік нысандар иелеріне жабдықтарды жаңарту және жаңғырту бойынша жаңа міндеттер көзделеді.
  • Сонымен қатар, өнеркәсіптік қауіпсіздік нысандары паспорттарын жасауға, апаттарды есепке алуды және басқа да процестерді автоматтандыруға мүмкіндік беретін "Е-ӨҚК" ақпараттық жүйесін іске қосу жоспарланып отыр.

Бектенов қандай тапсырма берді?

Премьер-министр өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы бақылау тетігіне ерекше назар аударды.

  • Төтенше жағдайлар министрлігі ӨҚМ және ЕХӘҚМ-мен бірлесіп, тексеріс қорытындысы бойынша өнеркәсіптік нысандар меншік иелері мен басшыларының қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.
  • Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлесіп, өнеркәсіп қауіпсіздігі іс-шараларын уақытылы қаржыландыру үшін жер қойнауын пайдаланушылардың тау-кен жұмыстарын жүргізу жоспарларына талдау жүргізуі қажет.
  • Өнеркәсіп және құрылыс, Төтенше жағдайлар министрліктері газдар шығарындыларына байланысты тәуекелдерді азайту үшін шахталарды алдын ала газсыздандыру нормативтерін әзірлеуі қажет.
  • ЦДИАӨМ отандық IT-мамандармен бірлесіп, өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа шешімдер әзірлеу тапсырылды.

Айта кетейік, Ұлытаудағы жеті кеншінің қазасынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шара қабылдауды тапсырды.

2025 жылы 17 ақпанда Ұлытау облысы "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылғаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан шахтаның 7 қызметкері үйінді астында қалды. Кабельдер үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс та жоғалды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына Ұлытау және Қарағанды облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері, ТЖМ психологтары жұмылдырылды. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы шахтадағы төтенше жағдайдың себептерін тергеу және зардап шеккендерге көмектесу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарды.

2025 жылы 18 ақпанда ТЖМ жеті жұмысшы да өлі табылғанын, олардың жеке басын анықтау үшін сараптама жүргізілетінін хабарлады. 

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget